Павлодарда IT-мамандарды даярлауға және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамытуға бағытталған білім беру жобасы – Tomorrow School аймақтық кампусының ашылуы өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының төрағалығымен телемост форматында ұйымдастырылды.
Жаңа кампус облыс әкімдігінің және Astana Hub корпоративтік қорының қолдауымен Торайғыров университетінің базасында ашылды. Ашылу аясында қатысушыларға білім беру бағдарламасы таныстырылып, қабылдау шарттары мен жаңа кампустың мүмкіндіктері туралы айтылды.
Сабина Мейрам, цифрлық технологияларды басқару бөлімінің басшысы
Біздің өңір индустриялық-өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, мұнда өндіріс саласында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі цифрландыру дәуірінде бұл жобалар жасанды интеллект, автоматтандыру, инжиниринг құралдарын қамтиды. Сондықтан салалық техникалық білімнен бөлек, жасанды интеллект, бағдарламалау және жалпы цифрландыру негіздерін білетін мамандарға қажеттілік туындап отыр.
Tomorrow School-дағы оқу үдерісі «теңдік» қағидаты бойынша ұйымдастырылады, яғни білім алушылар мұғалім мен оқушы болып қатаң бөлінбей, өзара білім алмасады.
Ильдар Асанов, «Tomorrow school» аймақтық кампусының басшысы
Оларға гұсқаушыларкөмектеседі, бірақ олар көбіне бағыт-бағдар беруші, яғни белгілі бір мәселелерді шешуге ғана көмектеседі. Жалпы мектеп өзін-өзі оқытуға, командалық жұмысқа және топтарда нақты міндеттерді шешуге басымдық беріледі.
Оқу дәстүрлі дәрістерсіз өтеді. Алғашқы күннен бастап қатысушылар командаларда бағдарламалау бойынша практикалық тапсырмалармен айналысады.
Ильдар Асанов, «Tomorrow school» аймақтық кампусының басшысы
Оқу екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – «бассейн» деп аталатын 4 апталық қарқынды іріктеу. Оның нәтижесі бойынша үздік студенттер анықталып, олар 2 жылға созылатын негізгі оқуға шақырылады. Алғашқы «бассейн» Go бағдарламалау тілінде өтеді. Топтық жобалар бастапқыда қарапайым ойын, қарапайым сайт жасау деңгейінде болады. Кейін негізгі оқу барысында күрделірек жобаларға көшеді.
Оқу тегін және 18 жастан асқан барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді, соның ішінде IT саласына енді ғана қадам басқандарға да ашық. Өтінімдер 22 мамырға дейін Tomorrow School-дың ресми сайтында қабылданады. Оқу 25 мамырда басталады. Жыл соңына дейін тағы бірнеше топ ашу жоспарланып отыр.