Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні Ақтоғай ауданында да кең көлемде аталып өтті. Екі бірдей шара ұйымдастырылып, жас буын мен аға толқын өкілдерін қамтыды. Даналықты сақтаушы, кітапханашылар марапқа ие болды. Жұлдыз Қабылденова баяндасын.
Мереке аясында алдымен әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымы мол, мазмұны терең шара рухани құндылықтарды дәріптеп, кітапқа қызығушылықты арттыруға бағытталды. Кешке үш буын өкілдері қатысып, оқырмандардың сабақтастығы көрініс тапты. Кейін мерекелік шара ардагер кітапханашылармен кездесумен жалғасты.
Гүлмира Асамбаева, Ақтоғай ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі
«Бұл жерде кітаптың рөлі қандай, жастар қазіргі заманауи ағысқа қарай қалай кітапты оқуға ынталандырады және рухани байлығымызды байыту болып табылады шарамыздың мақсаты. Кітап мерекесіне орай көптеген құттықтаулар, марапаттаулар болады»
Кітапхана саласында ұзақ жыл қызмет еткен жандар шараға арнайы шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Мәселен, Жұмаш Жармағамбетова осы салада 30 жылдан астам еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Жұмаш Жармағамбетова, кітапхана ісінің ардагері
«Бүгінгі күн – ерекше күн – кітапханашылардың күні мен кітап күні. Барлықтарыңды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Өзімнің әріптестеріме тілейтінім – творчестволық табыс, қызметте тек қана биіктен көрінсін, жақсылық болсын. Бүгінгі шараға бізді шақырғандарыңызға көптен көп рақмет! Шара өте биік деңгейде өтіп жатыр. Біз бәріміз ризамыз.»
Аудандағы кітапханаларда қызмет ететін мамандардың да еңбегі еленді. Олар түрлі марапатқа ие болды.
Осылайша, шаралар жоғары деңгейде өтті. Шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қонақтар көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Жұлдыз Қабылденова