Павлодар облысында заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Экология департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп кезекті тексеру жұмыстарын ұйымдастырды. Осы жолы заңсыз қоқыс үйіндісі қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағынан анықталды. Қазір аталған аумақта қоқысты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері облыста 8 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 7-еуі Павлодар қаласына, ал 1-еуі Шарбақты ауданына тиесілі. Мониторинг екі тәсілмен жүргізіледі. Арнайы мамандардың жергілікті жерге барып анықтауы және ғарыштық мониторинг. Алайда қазір тек жергілікті тексерулер арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Руслан Темірболатов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор
Заңсыз қоқыс үйінділері анықталған жағдайда, біз бұл туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға жолдаймыз. Қазіргі таңда Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі осы аумақта тазалау жұмыстарын жүргізуде. Осындай жұмыстар алдағы уақытта Ақсу, Екібастұз қалаларында және облыс аудандарында да жалғасады.
Былтыр өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 248 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы толықтай жойылған. Жалпы, облыс аумағында 4 ресми қоқыс полигоны жұмыс істейді. Дегенмен, бейресми қоқыс орындарының саны 300-ден асады. Олардың басым бөлігі ауылдық округтерде орналасқан. Заңсыз қоқыс төккендерге айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Руслан Темірболатов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор
Қазіргі таңда заңнамаға жаңа норма енгізілді. Ол – заңсыз қоқыс үйінділерін ұйымдастыруға қатысты. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, материалдарды бізге жолдайды. Соның негізінде біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Сонымен қатар, аудан және қала әкімдіктерінің жұмысын да тексереміз.
Аталған аумақтағы қоқыс үйіндісі 1 мамырға дейін толықтай жойылуы тиіс. Жалпы рейдтік шаралар күн сайын жүргізіледі. Сонымен қатар, мониторинг әлеуметтік желілер арқылы да жүзеге асады. Тұрғындар заңсыз қоқыс орындары туралы арнайы органдарға шағым түсіре алады.
Сабина Жолдаспаева