Алыс елдімекендердің дамуы, заманауи игіліктергі қол жеткізуі кезек күттірмес мәселердің бірі. Оның сан түрлі себебі бар. Әуелі, ауыл аңырап, дала бос қалмауы керек. Алдымен балалар алаңсыз білім алатын мектеп жайы шешілсе, елдің де ешқайда кетпейтіні анық. Мәселен, Ертіс ауданындағы Қызылағаш ауылдық мектебі осы мақсатқа қол жеткізген деуге болады.

Қызылағаш облыс бойынша ең шалғай орналасқан ауылдардың бірі. Аудан орталығынан Ертістен 150 шақырымға жуық қашықтықта. Ал, ауылдағы мына мектеп ғимараты 2015 жылы салынған. 100 орынға шақталған білім ордасында қазір 60 бала оқиды. Бұдан бөлек «Еркетай» шағын орталығы да білім ордасының қабырғасында. Онда 23 тәрбиеленуші бар. Салынғанына көп уақыт болмаса да білім ордасы бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген.

Мектеп түлектерінің 70 пайызы грантқа оқуға түсу дәстүрге айналған. Қазіргі уақытта мектеп түлектері қайта оралып, өз ұшқан ұяларында еңбек ете бастаған. Мектеп шалғайда орналасқанына қарамастан барлық мүмкіндіктер жасалған. Интернет, компьютер кабинеті, өзге де оқуға оңтайлы кабинеттер жұмыс жасайды.

Биыл ауыл азаматтары бас болып жаңа мешіттің құрылысын да аяқтапты. Мінажат үйінің жалпы аумағы 120 шаршы метр. Құрылыс жұмысына 70 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Демушілік қаржымен салынған мешіт қазір ауыл тұрғындарына қызмет етуді бастап кеткен. Иә, ауылдықтардың бірлігі мен берекесі арқасында бірқатар шаруалар атқарылған. Бұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алдағы жылдарға жоспар көп.

Болатбек Шәріпов, Ертіс ауданының әкімі:

Қазір келіп тұрған мына Қызылағаш ауылына, Сілеті ауылына кіреберіс жол жоқ. Сілетіге дейін 9 шақырым, Қызылағаш ауылына 20 шақырым. Осы жолдарға қазір проектіға қаражат бөлдік.

Бұдан бөлек, Қызылағаш ауылында ауызсу мәселесі де өзекті. Халық саны жеткілікті, шаруашылығы түлеген елдімекеннің болашақ мақсаттарының бірі.

Жанасыл Серікбол