Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстық прокуратура жер қатынастары саласында жүйелі қадағалау жүргізуде. Жалпы облыстағы жердің шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады. Десе де, халықтың мұқтаждығы үшін жайылым жерлер мәселесі әлі де бар.

Облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 70 пайыз жердің басым бөлігі қоланыста. Және жеке шаруалардың пайдалануында. Прокуратура орындары ол жерлер қалай берілгендігі бойынша бірқатар тексерістер жүргізуде. Тексеріс барысында міндетті конкурстық рәсімдерді елемеу, жерді пайдаланғаны үшін төлемді азайту, лауазымды тұлғалардың құзыретіне кірмейтін шешімдер қабылдау сияқты елеулі бұзушылықтар анықталды.

Осылайша, облыста халықтың қажеттілігі бола тұра жерді бір қолға беру тиылар емес. Мысалы, Ертіс ауданында 47 мың га тапшылық болса да, жер жеке тұлғаларға заңсыз берілу фактісі тіркелді.

Осындай фактілердің бірі бойынша аталған ауданда сот тәртібімен ауданы 3 мың гектардан асатын жайылымдарды қайтарылған. Жер қатынастары саласында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тексерулер жалғасуда.

Жанасыл Серікбол