Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады. Оны кең көлемде атап өту шаралар басталып кетті. Баянауылдағы мемориалдық музейі «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» атты көшпелі көрмесін бастады. Ол еліміздің түкпір-түкпірін араламақ. Толығырақ алдағы материалда.
Алғашқы қазақ геологы, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Атаулы мерейтойға орай өңірімізде өтетін шаралар қатары мол. Алғашқы легі ғалымның туған жері Баянауылда басталды. Көшпелі көрме облыс орталығына жетті.
Тау тұлғаның есімі берілген мұражайда 1000-нан астам жәдігер бар, соның 30-ға жуық көшпелі көрмеде әкелінген. Оның ішінде Қаныш Имантайұлының пайдаланған заттары, Алгебра оқулығы, құжаттары, заттық деректер, минералды тастар жиынтығы, өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайтын фотосуреттер ұсынылған. Сондай-ақ, қызы Шамшиябану Сәтбаева әкесіне сыйға тартқан домбырасы да көрменің ажары. Көненің көзіне айналған құнды жәдігердің сақталып келе жатқанына 50 жылдан астам уақыт болыпты.
Ғалымның ерен еңбегі тәуелсіз елдің ұландары үшін үлгі. Осындай біртуар азаматтардың қызмет жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Аталмыш көрме өңірімізде 2 күн өтеді. Алдағы уақытта еліміздің бірнеше өңірлеріне жол тартады.
Бұл, көшпелі көрме академиктің ерен еңбегін өскелең ұр¬¬паққа дәріптеп, рухани және мә¬де¬ни құндылықтарды наси¬хат¬тау мақсатында өтетін шаралардың бастауы ғана. Алдағы уақытта, дара тұлғаның мерейтойы Кереку өңірінде кең көлемде аталып өтпек.
ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЮРИЙ БЕЛЕВСКИЙ, ЕА