Ішкі істер министрлігі 5 ақпаннан бастап ел аумағында “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Мақсат- нашақорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау.

Шара асяында азаматтармен кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Полиция, әкімдік қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дәрістер, акциялар, дөңгелек үстелдер, спорттық және басқа да есірткіге қарсы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Есірткі заттарының жарнамасы бар граффитилерді өшіруде полицияға еріктілер көмек көрсетеді

“Тосқауыл” операциясы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын шетел азаматтары мен олардың тұратын жерлеріне тексеру жүргізіледі. Операция басталғалы бері көші-қон заңнамасын бұзудың 772 дерегі анықталып, 141 адам елден шығарылды. Қызметтік иттердің қатысуымен көлік объектілеріне, автокөлік құралдарына, жүктерге, пошта бөлімшелері мен басқа да нысандарға тексеру жүргізіледі. Олардың көмегімен 23 есірткі қылмысы анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері қаруды заңсыз сақтаудың 24 фактісін анықтады. Жалпы операцияның үш күнінде барлығы 130 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде есірткі өткізудің 32 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 24 фактісі және есірткі контрабандасының үш фактісі. Заңсыз айналымнан 107 кг жуық түрлі есірткі, оның ішінде 26 кг синтетика, 79 кг марихуана және 1,8 кг гашиш тәркіленді. Осылайша полицейлер 78 мыңға жуық синтетикалық есірткінің бір реттік дозасын айналымға жібермеді.

Жанасыл Серікбол