Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитетінің өкілдері жұмыс сапары барысында Мойылды ауылына барды. Онда тұрғындармен кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарын тыңдады. Күнтәртібіндегі алғашқы мәселе төменгі жалақы. Бұдан басқа тағы қандай мәселелер ортаға тасталды? Тілшіміз айтсын.

Ресми кездесу алдында сенаторлар мен вице-министрлер алдымен еліміздегі алғашқы полипропилен мен метилтретбутилді эфирді шығаратын өндіріс орнының жұмысымен танысты. Ол сапалы жанар-жағармай өндірісінде қолданылады. Бұдан кейін мәртебелі меймандар қала іргесінде тұрған Мойылды елдімекеніне барды.

СҰЛТАНБЕК МАКЕЖАНОВ, ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Біздің Президентіміздің өңірлер мен елдімекендердің жағдайын жақсарту туралы тапсырмасы бар. Ауылдық аймақтарда төртінші деңгейдегі бюджет деген бар. Біз сол үшін тұрғындармен келісіп, сөйлесуге келдік. Алдын ала әріптестерімді де таныстырдым. Олардың бұл бюджет саласындағы еңбегі зор. Сондықтан айтар ойларыңыз болса тыңдауға әзірміз. Мүмкін жүзеге асуды қажет ететін жобалар, бағдарламалар бар шығар.

Кездесу барысында тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген мәселе де айтылды. Бұл білім беру мекемелеріндегі техникалық кадрлардың тапшылығы. Бәрі де жалақының аздығына келіп тірелетін көрінеді.

МҰХАММЕД-ӘЛИ ӘБІЛҒАЗИНОВ, №38 ЖОББМ ДИРЕКТОРЫ

Соңғы 4 жылда мектепте пеш жағатын жұмысшыларды таба алмай отырмыз. Себебі техникалық қызметкерлердің жалақысы төмен. Пеш жағатын жұмысшылар айына 90 мың теңге ғана алады. Техникалық қызметкерлердің де еңбекақысы төмен.

Шенеуніктер мәселені бір уақытта түбегейлі шешу мүмкін емес екенін кесіп айтты. Оған нормативтік база да жеткіліксіз. Бірақ жағдайды бақылауға алып, заңнама негіздерін кеңейтуге мүмкіндік бар деді. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу бағытында да сұрақ жетерлік.

МҰХАММЕД-ӘЛИ ӘБІЛҒАЗИНОВ, №38 ЖОББМ ДИРЕКТОРЫ

Шаруашылық бағытта мектепте сырлау, әктеу жұмыстары кейде қажет етеді. Құбырлар жарылып қалады. Оны мемлекеттік сату алу арқылы бір негізден алу үшін кейде 1,5 айға дейін уақыт кетеді. Тексеріс келген кезде оны біз түсіндіре алмаймыз.

ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Кейбір өңірлерде электрондық дүкендер түгілі ғаламтор желісі жұмыс жасамайды. Жаңа заңда біз оны қайтардық, 100 айлық есептік көрсеткішке дейін тауарлар, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қызметтер мен жұмыстарды біз қайтардық. Депутаттар оны қолдады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады.

Сонымен қатар, өңірдің жаңа бюджет кодексінің жобасы да талқыланды. Кейбір салық түсімдерін жергілікті бюджетке берген кезде ғана өзін өзі қамтуды еселендіруге болады деді сенаторлар.

Самал Қалиқызы, Ермек Сапаров