Бүгін 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды. Оны қалай тапсыруға болады және мектепке қабылдау қашанға дейін жалғасады? Тілшіміз баяндайды.

6 жастан асқан балаларды келесі оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау басталды. Құжаттарды тікелей мектепке бару арқылы не электронды үкімет порталын қолдана отырып тапсыруға болады. Дегенмен, мамандар артық мәселе туындамауы үшін құжаттарды электронды түрде тапсыруға шақырады.

ДИНАРА БАТЫРҚАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Егер бала бір мектептің қызмет көрсету аумағында тұрып, басқа шағын ауданда орналасқан мектепте білім алғысы келсе, ата-аналарда 3+1 қағидатын қолдану мүмкіндігі бар. Ол арқылы бала қалаған мектебіне өтініш бере алады. Бірақ, ата-аналар түсінуі керек нәрсе –ол білім ордасына өзге шағын ауданнан 1 немесе 2 өтініш түссе, мектеп үшіншісін өңдеу алмауы мүмкін. Яғни, ондай жағдайда, сіздің өтінішіңізді қабылдай алмайды. Десе де, ата-аналар 1 реттен артық, 3,4, тіпті 5 рет қайта өтініш бере алады

Биылдан бастап бірінші сыныпқа өтініш беру үшін қажет құжаттардың тізімі өзгерді. Енді көлемі 3х4 сандық сурет пен 052-2/у нысанындағы бала денсаулығы туралы анықтама керек.

ДИНАРА БАТЫРҚАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Бұған дейін 026 және 063 формасындағы анықтамалар, яғни егу құжаты мен баланың денсаулық паспорты талап етілетін болса, биылдан бастап денсаулық сақтау министрлігі құжаттар тізіміне өзгерістер енгізді. Қазір тек бір нысандағы анықтама қажет. Ол 052-2/у (нөл елу екі, сызықша екі, бөлшек у). Ана-аналардың айтуынша, бұл анықтаманы қаладағы барлық емхана бере бермейді. Сондықтан, бұл анықтаманы таба алмаған ата-аналар, бұрынғы нысандағы анықтамалды алып, сайтқа бекіте алады. Ол бұзушылыққа жатпайды

Ата-аналардың өтініші бойынша, құжат тапсыру биыл бұрынғыдай 1 тамызға дейін емес, 31 тамызға дейін жалғасады. Қалада үлкен сұранысқа ие мектептер бар. Олар сыныптардың толуына байланысты құжаттарды қабылдауды мерзімнен бұрын аяқтауы мүмкін. Бұл өтініштің қабылданбауына себеп бола алады. Сондықтан, құжаттарды мейлінше ерте тапсырып үлгерген жөн. Ал мектепке қабылдау туралы сұрақтарыңыз болса, 30-14-91 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Жұлдыз Қабылденова