Павлодар ауданы, Розовка ауылында оқушылар ұстаздардың көмегімен жергілікті арна ашқан. Онда мектеп пен ауылдың тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Атап өтітін жайт – жаңалықтар толығымен қазақ тілінде ұсынылады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Оқушылар журналистика саласындағы жолын енді бастап жатыр. Олар мектептің тыныс-тіршілігі, жаңалықтары туралы әңгімелейді. Жобаның басты мақсаты – балалардың, әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген құштарлығын арттыру.

ӘЛИЯ ГАЛЕЕВА, РОЗОВКА ЖОББМ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ

Бұл жобада мемлекеттік тілді басқа алдық. Бұл мектеп – таза орыс мектебі, сондықтан, таза орыс мектебі болған соң, орысбалаларының арасында қазақ тілін, қазақ әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын осы балаларға, олардың сана-сезіміне жеткізгіміз келеді. Осы жобада біз көрсетейік дегеніміз – балалар қаншалаықты қазақ тіліне құштар, оқушыларымыз қазақ тіліне тек сабақта емес, сабақтан тыс уақытта үйірмелерге келеді.

Жаңалық жүргізушілері Софья Домнич пен Юлия Лобанова бұл жоба барысында қазақ тілін өздері ғана үйреніп қоймай, өзгелерді де мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырады.

Шәкірттер болашақта танымал тележүргізуші болуды армандайды. Мектептегі тәжірибелері ұйымдастырушылық және коммуникативтік қабілетерін шыңдайтынына сенеді.

СОФИЯ ДОМНИЧ, РОЗОВКА ЖОББМ 6-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

Мен қазақ тілін жақсы көремін. Меніңше, ол өте жағымды естіледі. Сондықтан, үйде және күнделікті өмірде қазақша сөйлеуге тырысамын

Телевизиялық жоба – ұлттық мәдени мұрамызды сақтау әрі насихаттаудың бір тәсілі. Ол арманыңа қол жеткізу үшін ауқымды ресурстардан бұрын, сол іске деген қызығушылық пен талпыныстың болуы қажет екенін дәлелдейді.

Жұлдыз Қабылденова, Валентина Леонова