1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжде мерекелік шара өтті. «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» атты фестиваль бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің бірлігін дәріптеуді мақсат етті.
Мерекелік фестиваль түрлі этномәдени бірлестік өкілдерінің бір арнаға тоғыстырып, достық пен бірліктің жарқын көрінісі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін нығайтып, өзара бірлік пен сыйластықты арттыруға ықпал етеді.
Әсем Әбілшайықова, Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы коледжі басшысының орынбасары
«Бүгінгі фестиваль бірінші рет емес, бірнеше жыл бойы осы фестиваль өтіп жатыр. ҚР бірлігі күніне арналған. «Кенжекөл жастары» ҚБ бірге біздің колледж бірлесіп және де Ақсу қаласының 9 ЭМБ өкілдері келіп, 1-2 курс студенттері әр халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дастарханын, өнерін көрсетіп жатыр. Осындай іс-шара – бірлік пен татулықтың белгісі. Тәрбиелік мәні өте зор. Өйткені ол студенттерді бірлікке, достыққа татулыққа тәрбиелейді»
Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, колледж оқытушылары мен студенттері – үлкені де, кішісі де белсене қатысты. Қатысушылар тыңғылықты дайындалып, әртүрлі мәдени мұраларды таныстырды, көрме ұйымдастырып, ұлттық ойындар ойнап, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.
Шамшия Құсайынова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ және «Асыл мұра Ақсу» ҚБ төрағасы
«Қазақстан – көпұлтты, тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ үйіміз. Біз фестивальге 3 жыл қатарынан қатысып келеміз, мұндай басқосулар қуаныш сыйлайды. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға түрлі ұлт өкілдері өзара достық пен сыйластықта өмір сүріп жатқанын үлгі етіп көрсетеміз. Жас ұрпақ әр ұлттың салт-дәстүрі мен құндылықтарын құрметтеп өссін дейміз. Өйткені Қазақстанымыз – көпұлтты мемлекет. Біз бір-бірімізді құрметтейміз, бағалаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, жарқын да нұрлы өмір тілейміз. Жастарымыз өркендеп, еліміз гүлдене берсін!»
Қажығали Қабзайыт, Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы коледжінің 1-курс студенті
«Біз Өзбекстан мемлекетін көрсетеміз. Би билейміз және дастарханымызда Өзбекстанның тағамдары – нон, чой секілді. Қуыршақтарды өзіміз тігіп, бәрін өзіміз дайындап, биді және өзіміз дайындап билеп бәрін, дайындап жатырмыз. 1 мамыр мереке құтты болсын!»
Бірлік бар жерде – береке бар. Сондықтан этностар арасындағы достықты, өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған шаралар колледжде жиі ұйымдастырылып тұрады. Оқу орнының басшылығы игі дәстүрлі жалғастырып, алдағы уақытта бастамаларды бұдан да ауқымды деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жұлдыз Қабылденова