Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде дәстүрге айналған «Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараға ғылым және жоғары білім вице министрі, академиктің жиені қатысты. Толығырақ алдағы сюжетте.

Конференция Торайғыров университеті алдында орнатылған Қаныш Сәтбаев ескерткішінің алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шара қатысушылар атақты жерлесіміздің рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті.

Бұдан кейін конференцияның ашылу салнататты өтті. Жиырма төртінші рет ұйымдастырылған ғылыми жиынға еліміздің ғылым және жоғары білім вице министрі қатысты. Елордалық мейман ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін оқыды.

Жас ғалымдардың басын қосан Сәтбаев оқуларына 1488 мақала қабылданып, 40 секциялық жиын өтті. Ең үздік ғылыми жұмыс жыл сайынғы жинаққа енетін болады. Өткен жылдары жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушылар білімдерін шыңдап, белсенділік танытты деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Айтулы шарада ғұлама ғалымның туған жиені Әлима Жармағамбетова да сөз алып, өз ризашылығын білдірді.

ӘЛИМА ЖАРМАҒАМБЕТОВА, ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫҢ ЖИЕНІ

Құрметті қатысушылар сіздерде Қаныш аталарыңыз сияқты өнеркәсіпте, ғылымда мол жетістікке жете аласыздар, мен оған сенімдімін. Сондай-ақ, осы сәтті пайдалана отырып, Қаныш әулетінің атынан баршаларыңызға мол алғысымды білдіремін. Сәтбаев оқулары жыл сайын жоғары деңгейде өтіп келеді, осы университетті ерекше атап өткім келеді. Көп-көп рахмет, қатысушыларға сәттілік тілеймін

Бұдан бөлек көпшілікке оқушылар мен студенттердің ғылыми жобаларының көрмесі ұсынылды. Сәтбаев оқуларына еліміздің әр өңірінен келген жас ғалымдар сынға түсті. Жобалар көрмесінде кішкентай ізденімпаздар да ғылыми жұмыстарын таныстырды.

Атап өту керек, өңірімізде «Сәтбаев оқулары» дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өтіп, академик есімін асқақтатып келеді.

Қымбат Садық