Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияда облыстық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің аймақтық форумы өтті. Ол мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Рамазан Тоқтаровқа арналды. Тілшіміз тарқатсын.
Қарымды қаламгер Рамазан Тоқтаров атындағы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің аймақтық форумына 100-ден астам педагог жиналды. Форум жерлесіміздің алтын ұясы болған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияда өтті. Форум бірнеше кезеңнен тұрды.
САЛТАНАТ ШАБАЖАНОВА, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АБАЙ АТЫНДАҒЫ ГИМНАЗИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл форум екі жылда бір рет өткізіледі. Ең алдымен Рамазан Тоқтаровтың жазушылық қызметін кеңінен насихаттауды, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы үздік тәжірибелерін таратуды мақсат етеді. Бүгінгі шараға Павлодар облысының әр ауданындағы Абай мектебінің және Абай облысы мен Астана қаласының мұғалімдері келіп, тәжірибелерімен бөлісті
Мұнда «Рамазан Тоқтаровтың феномені», журналистік қыры, «Тоқтаров мектептің түлегі» тақырыптары кеңінен талқыланды. Өңір мұғалімдері ғалымдардың дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алды. Әрі Абай туралы да ойталқы өтті.
САЛТАНАТ ШАБАЖАНОВА, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АБАЙ АТЫНДАҒЫ ГИМНАЗИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Пленааралық отырыстың екінші жартысында «Абай және әдеби әлем» деген тақырыпта ғалымдар ой қозғайтын болады. Сондай ақ, Сұлтанмахмұт атындағы университет пен Әлкей Марғұлан атындағы университеті, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің ғалымдары келіп, атсалысып, қатысып жатыр
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда қашан да ұстаздардың біліктілігі мен кәсібилігі маңызды. Сондықтан тәжірибе алмасатын мұндай кездесулердің жиі өткені дұрыс.
Қымбат Садық