Негізгі Жаңалықтар Әнуар Қалиевтің туғанына - 95 жыл

Әнуар Қалиевтің туғанына - 95 жыл

Режиссер, драматург, өңірлік филармонияның көркемдік жетекшісі қызметін атқарған Әнуар Қалиевтің туғанына жылға толып отыр. Осыған орай, мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтіп, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.  

Сәтбаев көшесінің бойындағы мына ғимарат Павлодардың ескі тарихи келбетін сақтап келе жатқан нысандардың бірі. Бұрын бұл жерде облыстық филармония болған. Өнер ордасына 1971-89 жылдары Әнуар Қалиев көркемдік жетекшілік етіп, қазақ өнерінің өркендеуіне негіз болған. Нар тұлғаның 95 жылдығына орай, ғимарат алдында мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты ұйымдастырылды. 

Қайрат Алтаев, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының М.А.

Бұл тұлға мәдниет саласында қолтаңбасы қалған, өңірдің мәдени салсын дамытуға үлес қосқан атақты азамат. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, Павлодар тарихын жазып кеткендердің бірі.

Әнуар Қалиұлының жарқын бейнесі мен еңбегі оны таныған әріптестері мен шәкірттерінің жадында сақтаулы. Ескерткіштің ашылуына алыс-жақыннан жиналған марқұмның жақындары да өз алғыстарын жеткізді.

Азат Қаниев, Әнуар Қалиевтің ұлы

Ұлыларды ұлықтамасақ халық қайдан біледі деген бар. Сондықтан көп рахмет. Әкемізді көргені қатары азайып барады, бара бара болмайды да. Сондықтан ұрпақ қазір біліп қалып, ісін жалғастыру керек деп ойлаймын. Әнуар Қалиұлының шығармашылық жолы тек филармония өнерімен шектелмей, ол облыстық телеарнада режиссер болып жұмыс істеген. 

Шолпан Байғалы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Павлодар облысының құрметті азаматы

Сол уақытта хабарлар аз еді. Хабар жоқ еді. Ол кісінің ұсынысымен «Майра» әдеби-музыкалық бағдарламасын жасады.Өзі режиссер болды. Жан-жақтағы көркен өнерпаздарды телевизияға ұйымдастырып, әндерін айтқызып, сахналық көріністерін көрсеткен сол Әнуар Қалиев болатын.

Әнуар Қалиевтің туғанына 95 жыл толуына орай шаралар легі бұнымен аяқталмай, облыстық кітапханада дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан оның шәкірттері ауылдарда театр жұмысын жандандыруға негіз болғанын атап өтті. Аққулы, Баянауыл аудандарында оның жетекшілігімен әртістер тұрғындарға арнап, классикалық шығармаларды сахналаған.

Мақсура Шыбынаева, Астана қаласының тұрғыны

Алғашқы ең бірінші театрымның режиссері, бетімді ашқан Әнуар Қалиев. «Алло, біз таланттарды іздейміз» деген бағдарлама болды. Соған ауылдарды аралап, таңдап 16 жасымда Аққулы театрына шақырылып, ең үздігі мен болдым.

Әнуар Қалиұлын еске алуға арналған игі шаралар оның өнерге деген адал қызметіне және туған өңірінің мәдениеті үшін атқарған еңбегіне тағзым етіп, құрмет көрсетілуінің жарқын көрінісі болды.

Дархан Бекишев



Бөлісу