Негізгі Жаңалықтар Жасанды интеллект – жаңа жобаларға жол ашады

Жасанды интеллект – жаңа жобаларға жол ашады

Торайғыров университетінде жас өнертапқыштардың басын қосқан «AI&Arduino Hack» республикалық хакатоны мәресіне жетті. Екі күн бойы қатысушылар білімдері мен біліктерін ортаға салып, жасанды интеллектінің көмегімен тың жобалар әзірледі. Толығырақ алдағы сюжетте


Хакатонға жиналған бес командаға жасанды интеллект пен Arduino технологияларын ұштастыра отырып, тың жоба жасау міндеті жүктелді. Бұл – түрлі электронды құрылғыларды басқаруға арналған шағын құрылғы. Оның көмегімен робот құрастырып, тұрмыстық құрылғыларды автоматтандыруға болады. Ал бұл жолы қатысушылардың қиялына шек қойылған жоқ.

Алексей Шимпф, ұйымдастырушы, энергетика факультеті деканының академиялық қызмет және цифрландыру жөніндегі орынбасары

Біз қатысушыларға барлық қажетті құрал-жабдықты ұсынамыз. Олардың қатарында қуатты компьютерлер, машиналық оқытуға арналған бағдарламалар және Arduino жиынтығы бар. Бұл жиынтыққа түрлі датчиктер мен шағын электронды құрылғы кіреді. Біз оларға нақты бір тапсырма бермейміз. Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, жасанды интеллект агентін немесе кез келген жобаны әзірлеу.

Қатысушылардың әрқайсысы өз идеясын ұсынып, оны нақты іске айналдыруға тырысты. Мәселен, Астанадан келген жастар тобы жаңадан бастаған инженерлерге көмекші болатын жасанды интеллект жүйесін ойлап тапты. Ол құрылғыны құрастыру кезінде бағыт-бағдар беріп, жұмыстың әр кезеңін түсіндіреді. Осылайша, жас маман дайын нұсқаулыққа ғана сүйенбей, әр әрекеттің мәнін де түсіне алады.

Азат Серғалиев, қатысушы (Астана қаласы)

Біз «Assembly Mentor», яғни құрастыруға көмектесетін жасанды интеллект көмекшісін жасадық Ол инженерлік істі енді меңгеріп жүрген жастарға құрылғыларды құрастыру барысында көмектеседі. 01:22 +++ Қазір біз көптеген жұмысты автоматтандыруға дағдыландық. Алайда істің қалай орындалатынын өзіміз түсінуіміз де маңызды. Біздің көмекшіміз осы тұрғыдан жаңадан бастаған инженерлерге үлкен септігін тигізеді.

Хакатонның жалпы жүлде қоры – 700 мың теңге. Бас жүлде Алматы қаласынан келген командаға бұйырды. Олар қоймадағы және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды есепке алуға арналған интеллектуалды жүйе әзірлеген. Жоба қазылар алқасының көңілінен шығып, үздік деп танылды.

Артём Сафронов, хакатон жеңімпазы (Алматы қаласы)

Жеңіске жеткенімізге өзіміз де таңғалып отырмыз. Шынымды айтсам, осы нәтижеге жету үшін барымызды салдық. Жобаны дайындап, қажетті сызбаларды әзірлеу үшін түнімен ұйықтамадық. Айта кетейін, бұл – біздің алғашқы хакатонға қатысуымыз, бірден осындай нәтиже көрсетудеміз. Бәрі жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.

Мұндай шаралардың маңызы жүлдемен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – еліміздің әр өңірінен келген студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісуі маңызды.Себебі, бүгінгі ізденіс – ертеңгі үлкен жаңалықтың бастауы болады, Осылайша, білім мен бәсекеге толы хакатон мерекелік концертпен қорытындыланды.


Қымбат Садық


Бөлісу