Негізгі Жаңалықтар Балаларға арналған жаңа бөлімше

Балаларға арналған жаңа бөлімше

Ертіс ауданы

Ертіс ауданында балалардың денсаулығы мен дамуын ерте жастан бақылауға бағытталған жаңа бөлімше жұмыс жасайды. Мұнда бес жасқа дейінгі бүлдіршіндерге медициналық көмек көрсетіліп, олардың даму ерекшеліктерін анықтауға және қажетті қолдау шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік бар.


Бөлімшенің негізгі міндеті – баланың дене және сөйлеу қабілетінің дамуын бақылап, ықтимал ауытқуларды ерте анықтау. Мұнда мамандар ата-аналарға сәбиді дұрыс тамақтандыру, жасына сай ойыншық таңдау және күтім жасау жөнінде кеңес береді. Сондай-ақ профилактикалық тексерулер мен екпе күнтізбесіне сәйкес медициналық шаралар жүргізіледі. Қабылдауды невролог, педиатр және екі мейірбекеден құралған мамандар тобы ұйымдастырады.

Сұлтан Рүстемханов, Ертіс аудандық ауруханасының басшысы

Сонымен қатар, орталықта тыныс алу жолдарының аурулары бар балаларға арналған тұзды шахта ашылды. Мұнда олар физиотерапиялық ем қабылдай алады. Бөлімшеде баланың даму кабинеті, аудиологиялық скрининг, невролог қабылдауы, терапевт кабинеті және үйлестіруші маманның жұмыс орны қарастырылған.

Аудан бойынша үш жасқа дейінгі балалардың саны 1200-ден асады. Олардың арасында ерекше бақылауды қажет ететін, сөйлеу дамуы кешеуілдеген және өзге де патологиялары бар 12 бала тіркелген. Ал балалар эндокринологы аудандық ауруханада 2024 жылдан бері қабылдау жүргізіп келеді. Мамандардың айтуынша, баланың өсуі мен физикалық дамуын тұрақты бақылау маңызды.

Полина Давыдова, Ертіс аудандық ауруханасының балалар эндокринолог дәрігері

Көбіне ата-аналар баланың бойы шамадан тыс жылдам өсуі немесе физикалық дамуының кешеуілдеуі бойынша жүгінеді. Сонымен қатар, қант диабетін ерте анықтау үшін де алғашқы белгілерге назар аудару қажет. Егер бала ауыздың құрғауына, салмақ жоғалтуға немесе қатты шөлдеуге шағымданса, ата-анасы бірден учаскелік педиатрға қаралуы керек. Қажет болған жағдайда эндокринологтың кеңесі беріледі.

Жаңа бөлімшенің ашылуы аудан балаларына медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мамандар баланың дамуындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті ем мен оңалту шараларын ерте бастауға жағдай жасайды.


Сабина Жолдаспаева






Бөлісу