Кеше, 9 шілде күні кешкісін Павлодар қаласындағы Естай көшесі, 134 мекенжайында орналасқан 10 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға сағат 18:28-де тіркелді. Өрт ғимараттың 7-ден 10-қабатына дейінгі төрт балконды шарпыған.

Тілсіз жау алты пәтерге зардабын тигізді. Жалпы өрттің аумағы 60 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің 41 қызметкері мен 12 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, медициналық апаттар орталығының мамандары жұмыс істеді.

Тілекжан Галямов, Павлодар қаласы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы

Өрттің шығу себебін анықтау үшін тиісті тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде нақты себеп пен әкімшілік шаралар белгілі болады.

Ал, 10-қабаттағы тұрғындардың бірі өртті байқамаған. Пәтерінде жұбайымен бірге теледидар көріп отырған сәтте есікті өрт сөндірушілер қағып, эвакуация қажет екенін айтқан.

Владимир Кочергин, Павлодар қаласының тұрғыны

Біздің кіреберіс дәліз ұзын – шамамен алты метр. Сондықтан түтін кіріп, мүлкімізге залал келді деп ойлаймын. Себебі менің пәтерімнің жанындағы – 338-пәтер жанды. Шығын әрине болады. Енді оны кім өтейді?

Сол үйдің тұрғындары қызыл жалын толық өшірілгенше қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Сабина Жолдаспаева