Облыс аумағында жыл басынан бері 501 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 26 адам көз жұмды. 693 адам жарақат алды. Жолдағы қайғылы оқиғалардың басты себебі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтамауынан болып отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, жиі кездесетін бұзушылықтар бұл жоғары жылдамдықта жүру, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілер өткелін елемеу және жолда өзара сыйластықтың жоқтығынан дейді сақшылар. Сондай-ақ, көлік санының артуы да жағдайды қиындатып, жол инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіруде.
Арман Қаптаев, Павлодар облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі
Биыл облыс жолдарында 107 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде жылдамдықты асыра көтергені үшін 59 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қауіпсіздік белдігін тақпай 5562 жүргізуші жазаланды. Жаяу жүргіншіге жол бермеген 1698 көлік иелеріне айыппұл салынса, қозғалыс кезінде ұялы телефон пайдаланған 1508 адамға хаттама толтырылды. Тыйым салынған бағдаршам сигналына тоқтамаған 1280 жүргізуші анықталды. Бұған қоса, 340 жүргізуші жол-көлік оқиғасына себепкер болғаны үшін жауапқа тартылды.
Жол ережесін бұзатындарды дер кезінде анықтау үшін өңір жолдарында 10 «Кибер-Шериф» және 10 «Екин Патруль» мобильді кешені тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жүйелер жылдамдықты және басқа да бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді.
Арман Қаптаев, Павлодар облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі
Жүргізушілер ең алдымен жылдамдық пен көлік құралдары арасында қашықтықты сақтау керек. Жол белгілеріне бейжай қарамай, әсіресе балалар ойын алаңдары, білім беру мекемелері, жаяу жүргіншілер өткелі мен қоғамдық көлік аялдамалары маңында барынша мұқият болуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өтпес бұрын көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізу қажет. Жолдан тек белгіленген жерде, яғни жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту керек.
Тағы бір өзекті мәселе — қараусыз малдың жолға шығуы. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам мал арнайы айыптұраққа жеткізілді. 305 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары жол үстінде барынша сақ болуға шақырады.
Әйгерім Тоқпанқызы