Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бүгін өңіріміздің өнерпаздары мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, бірқатар қызметкерлерді марапаттады.

Алдымен барлық қала, ауданнан келген мәдениет қызметкерлеріне қызыл кілем төселді. Өнерпаздар елдің рухы әрі болмысы. Қай елдің болмасын бағындырған сана биігі өнері мен мәдениеті арқылы бағаланады. Мерекелік шараға өңір басшысы Асайын Байханов та қатысты.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Шынымен де Ертіс-Баян өңірі мәдениеттің қасиетті шаңырағы десем артық болмас. Өйткені біздің өңір талай өнер майталмандарының мекені. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында өткен ұлттық құрылтайда болашаққа сеніммен қадам басу үшін тарихымызды біліп, мәдени мұрамызды дәріптеуіміз қажет деп баса айтты. Сондықтан ұлтымыздың руханияты мен болмысын сақтауда сіздердің үлестеріңіз мол

Аймақ басшысы бірқатар өнер және мәдениет қызметкерлеріне ҚР Мәдениет саласының үздігі, облыс алдында сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі мен құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ, биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығына сәйкес төрт бірдей мәдениет майталмандарына «Халықтық» және төрт би ансамблдеріне «Үлгілі» атағы берілді.

МҰХАМЕД-ҚАЙЫР ШӘРІПОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӨЛКЕТАНУШЫСЫ

Бүгінде еңбегім еленіп, Құдайға шүкір, марапатқа ие болдым. Ризамын. Әрі мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Барлық қазақстандықтарды, павлодарлықтарды, барша баянауылдықтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жастарға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін

Қай уақытта да халықтың жанашыры да өнер және өнерпаз болған. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауында өтетін шараларға қатысып, оның жоғары деңгейіне өтуіне, ауылдық, аудандық қызметкерлер де атсалысып, жаңашылдықтың жаршысы болып келеді.

АРШАГҮЛ АХМЕТЖАНОВА, АҚҚУЛЫ АУДАНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

ҚР Мәдениет министрлігінің мәдениет саласы үздігі төсбелгісімен мараптатталдым. Енді еңбегім бағаланды деп ойлаймын, өйткені осы Аққулы ауданының мәдениет саласында 40 жылдан астам жұмыс атқардым, атқарып келемін әлі де. Айтатыным, барша Ақтоғай ауданын, әріптестерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын

БАҚЫТЖАН ОЛЖАЕВА, ҚАЛҚАМАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАР ЖЕТЕКШІСІ (АҚСУ ҚАЛАСЫ)

Барлық қызметкерлерді және өзімнің әріптестерімді бүгінгі керемет кәсіби мерекемен құттықтаймын. Дендеріңе саулық, шығармашылық табыс , еңбектері тек жемісті берекелі болсын

Салтанатта шара кейінен концерттік бағдарламасына ұласты.

Қымбат Садық