Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, паралимпиадалық боччадан Қазақстан чемпионаты басталды. Ашылу рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев пен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысты.
Бұл жолғы жарыста жекелей сыннан бөлек, алғаш рет командалық және жұптық сайыстарда жеңімпаздар анықталады.12 өңірден келген 90-ға жуық спортшы бақ сынайды. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар еліміздің ұлттық құрамасына іріктеліп, 14-ші және 22-ші қараша аралығында Бахрейн астанасы Манама қаласында өтетін боччадан әлем чемпионатына қатысады. Соңғы жылдарда елімізде бочча қарқынды дамып келеді. Аз уақыттың ішінде аталған паралимпиадалық спортпен тұрақты айналысатындар қатары шамамен 20 пайызға артқан. Бұл - ерекше қажеттілігі бар мыңдаған азаматқа спортпен шұғылдануға, жаңа достар табуға және халықаралық ареналарда елеулі жетістіктерге жетуге жол ашты. Қазір 10 облыста Қазақстан бочча федерациясының филиалдары жұмыс істейді. Ал, 12 өңірде бочча үйірмелері бар.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Спортшыларымыздың кәсіби деңгейі өсіп, шеберліктері шыңдалып келеді. Аз уақыттың ішінде бұл спорттан жарық жұлдыздарымыздың шыққанына және әр жарыс сайын қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Біз баршаңызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда инклюзияны дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Біздің жетістіктеріміз – осындай қолдаудың және үлкен команданың бірлескен жұмысының нәтижесі/
ӘСИЯ ҚҰБАЕВА, БАПКЕР
- Басында бұл ойынға біз сенбедік. Бұл қол-аяғы істемейтін бала.+ Қазіргі уақытта бочча ойынынан кейін, зейіні тұрақталды. Қол жақсарды. Және нақтылықты, түзеу лақтыруды, көздеуді үйренді баламыз. Ол деген бізге үлкен жетістік. Және біз осы ортаға келгенде біз дос таптық, орта таптық.
Боччадан ел чемпионатында біздің өңірден де команда барды. Олар 5 күн бойы спорттық жарыстарда бақтарын сынайды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко да қатысты. Ол жарыс қатысушыларына сәттілік пен жеңіс тіледі.