Облыс әкім Асайын Байханов аймақтың алғыр оқушыларын марапаттады. Олар түрлі халықаралық олимпиадалар мен республикалық сайыстарда топ жарған үздіктер. Түрлі жарыста облыстың ғана емес, ел атын шығарған шәкірттер.

Биылғы оқу жылында өңір оқушылары 211 медаль жеңіп алды, оның ішінде 35-і халықаралық және 171-і республикалық деңгейде. Осының арқасында Павлодар облысының құрамасы еліміздегі «Үздік олимпиадалық құрама - 2024» атағын иеленді.

Асайын Байханов олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғыс хаттар мен 100 мың теңгеге сертификаттар табыс етті. Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп ұстаздарына оқушыларды дайындағандары, ата-аналарға қолдау мен тәрбие бергендері үшін алғысын білдірді.

Кәсіби қызметтегі жоғары жетістіктері үшін республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға да ақшалай сыйлық тағайындалды. Биыл 45 ұстаз аталмыш сыйлықтың иегері атанды. Шәкірттері шыңға шыққан өзге де ұстаздар елеусіз қалған жоқ.

Болашақ білімді ұрпақтың қолында. Ал, олардың еңбегін бағалап, есімін құрметтеу қоғам міндеті.

Жанасыл Серікбол