Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдік студенттер тарапынан сұранысқа ие. Павлодарлық университеттерде 17 елден келген 400-ден астам студент білім алады. Жақында біздің телеарнада тәжірибеден өтуді бастаған болашақ журналистердің қатарында өзге мемлекет өкілдері бар.

Алыс және жақын шетел талапкерлері Қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайды. Білім алушыларға елімізде түрлі ыңғайлы жағдай қарастырылған. Студенттердің бір тобы жазғы тәжірибелелерін ERTIS телеарнасында өткізуде. Олардың қатарында Моңғолиядан келген Индира Арман бар.

ИНДИРА АРМАН, СТУДЕНТ

Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Бұл мамандықты таңдаған себебім – қиындығына байланысты өзінің ерекшелігі бар. сол себепті, бір жағынан – өзіме тәжірибе жинаутау үшін, бір жағынан – елге қызмет ету мақсатында түстім деуге болады. Журналистермен бірге түсірілімдерге барамыз. Онда түсірілім қалай жүретінін және жаңалықтар жүріп жатқан уақытта сырттай байқаймыз. Сюжеттер жазамыз, мәтіндер оқимыз. Сонымен қызық.

Ал Ваджит Насир – Пәкістанның тумасы. Бұған дейін Шымкент қаласында 3 ай тіл үйрену бойынша дайындық курсында оқыған. Қазақ тілін біршама үйренген, емін-еркін сөйлейді.

ВАДЖИТ НАСИР, СТУДЕНТ

Білім алу үшін мен Пәкістан елінен келдім. Мен студентпін. Қазір мен Павлодарда тұрамын. Қазақстан өте әдемі және ұлы жер. Қазақстан халқы өте мейірімді және қонақжай. Маған Қазақстан өте ұнайды. Осы сәтте мен Ертіс телеарнасында тәжірибе өтіп жүрмін. Журналистка факультетінде оқу жүргендіктен, осы мені өте қызықтырады

Шетелдік студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруы үшін облыстың басты телеарнасы оңтайлы мүмкіндіктер ұсынды. Білім алушылар жаңалықтар және телебағдарламаларды дайындаудың қыр-сырын тереңінен түсінді. Ұжымдағы білікті мамандар ақыл-кеңес айтып, бар білгенін үйретті. Мұндай тәжірибе шетелдік студенттердің білімін арттыруға оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Олар алдағы уақытта да арнаның тыныс-тіршілігімен танысуды жалғастырады.

Жұлдыз Қабылденова