Футболдан еліміздің екінші лигасының кезекті матчында павлодарлық футболшылар «Жетісу-жастар» командасымен шеберлік байқасты. Кездесу қалай өтті? Тілшіміз тарқатсын.

«Ертіс» клубы сырт алаңда талдықорғандық командамен кездесті. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ павлодарлықтар ойын тізгінін қолдарына алып, қарсыластарын өз қақпасына қарай тықсыра берді. Шабуылдар нәтижесін беріп, павлодарлықтар кездесудің 23-минутында есепті ашты. Одан кейін «Ертіс» ойыншылары қарқынды әлсіретпей, есептегі айырмашылықты арттыра түсті. Ойынның негізгі уақытында павлодарлық команда бәсекелестерінің қақпасына 5 доп салды. Төреші негізгі уақытқа 3 минут қосты. Ұрымтал сәтті голға айналдырған «Ертіс» футболшылары есепті 0:6-ға жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс» қазір солтүстік-шығыс конференциясының екінші орынында тұрақтап тұр. Павлодарлықтар келесі кездесуді 16-шілдеде орталық стадионда қарағандылық «Шахтер-жастар» командасына қарсы өткізеді.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, ЕА