21 шілде елімізде металлургтер қауымы кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл мейрамның біздің өңір үшін де маңызы ерекше. Өндірісті өлкеде өсіп өнген еңбек адамдары көп. Солардың бірі – Қыдырбай Бақраденовтің әулеті. Олардың жалпы еңбек өтілі 200 жылға жақындайды.

Қыдырбай Бақраденовтің әулеті шетінен металлург. Осы салаға 1976 жылы қадам басқан. Ақсу ферроқорытпа зауытына металл балқытушы болып келген жас маман бүгінде осы саланың құрметті азаматына айналды. Өзі зейнетке шыққасын бұл саланы оның балалары мен немерелері жалғастырды.

РУСТАМ БАҚРАДЕНОВ, ҚЫДЫРБАЙ БАҚРАДЕНОВТІҢ ҰЛЫ

Мен металлургтер отбасында өстім. Сондықтан бала кезден осы мамандыққа деген құрметім ерекше болды. Әкемнің достары да өңкей метталлургтер болатын. Сол себепті де өсе келе осы мамандықты таңдауға бел байладым. 90 жылдары оқу бітірген соң, бірден осы Ақсудағы зауытқа келіп жұмысқа орналастым. Содан бері осында жұмыс істеймін.

Рустам Бақраденов әке жолын қуып, металлургия мамандығын таңдаған. Ақсудағы зауытта 25 жыл еңбек етіп келеді. Қазір осы кәсіпорынның цех бастығы болып жұмыс істеп жатыр. Ал інісі Дамир де 10 жылдан бері инженер-механик болып қызмет атқарады. Ал әпкесі колледждердің бірінде металлург мамандарды оқытады. Ал жақында ғана Қыдырбай ақсақалдың немересі де осы зауытқа жұмысқа орналасты. Осылайша, зауытта метталлургтердің үшінші буыны жұмыс істеп жатыр.

РУСТАМ БАҚРАДЕНОВ, ҚЫДЫРБАЙ БАҚРАДЕНОВТІҢ ҰЛЫ

2 жыл бұрын менің де қызым оқу бітірген соң, осында жұмысқа келді. Қазір бас қалада жұмыс істеп жатыр. Бірақ, осы металлургия саласынан алыстаған жоқ. Бауырларым да әпкем де осы салада еңбек жасап жүр. Ал екінші қызым 11-сыныпта оқиды. Кіші ұлым 5 сыныпта. Оларда кейде не металлург, не механик боламыз деп қалжыңдайды.

Ақсу ферроқорытпа зауытында 8 балқыту пеші бар. Мұнда хромды мың градустық ыстықта балқытады. Ал ондай ыстыққа екінің бірі шыдай бермейді.

РУСТАМ БАҚРАДЕНОВ, ҚЫДЫРБАЙ БАҚРАДЕНОВТІҢ ҰЛЫ

1800 градуста жұмыс істейміз. Жаздың уақытында тіптен қиын. Қатты ыстықта жұмыс істеудің өзі оңай емес. Мен алғаш жұмысқа келген кезде маусым айы болатын. Әлі есімде. Бірден келіп, ыстық пеште жұмыс істедік. Ал қазіргі жастар бірден келе сала пешке жақындамайды. Арнайы оқу жаттығулардан өткен соң ғана пешке келеді. Бұл жерде барлығын өздері өңдейтіндіктен, жұмыс өте ауыр. Оған шыдау тек жүректі, білекті адамарға ғана бұйыратын бақ деп есептеймін.

Бақраденовтердің жалпы еңбек өтілі 200 жылға жақындаған. Қазір балалары мен немерелері бұл жолды одан әрі жалғастыра бермек.

Өзгеріс Қуанар, Ермек Сапаров, Евгений Олейник, ЕА Ақсу қаласынан.