2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 420 жобаны субсидиялауға қатысты келісімшартқа қол қойылды. Кредиттің жалпы сомасы 46 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама шағын және орта кәсіптің дамуына жағдай жасап отыр.

Жаңыл Музукаева 17 жыл бойы бизнеспен айналысып келеді. Кәсіпорны нан-тоқаш және ұнды кондитерлік өнімдерді дайындайды. Ал екі жыл бұрын кәсіпкер жаңа кондитерлік цех ашып, өндірісті кеңейтуге шешім қабылдаған. Бұл бағытта «Даму» қоры субсидиялаған несиені алды.

ЖАҢЫЛ МУЗУКАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Мен мөлшерлемесі шамамен 20 пайызды құрайтын несие алдым, ал «Даму» қорының арқасында қарыздың 6 пайызын ғана төлеймін. Мұнда іші бос, ескі ғимарат болған. Қабырғаларды ғана қалдырып, толығымен жөндедік

Кәсіпкер қаражатты ескі ғимаратты жөндеп, оны кондитерлік цехке айналдыруға жұмсаған. Бұл заманауи технологияларды енгізуге және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ үш жаңа жұмыс орны ашылды.

ЖАҢЫЛ МУЗУКАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Біздің өнімді сатып алу үшін басқа аудан тұрғындары да арнайы келеді, бәріне ұнайды. Нан, тоқаш, бәліш, пицца пісіреміз. Кондитерлік өнімдердің бірнеше түрін жасаймыз. Тұрғындар арасында қандай өнімдер сұранысқа ие – соларды дайындаймыз

Ақсу қаласындағы бизнестің тағы бір саласы – заманауи фитнес-орталық былтыр 500 шаршы метрге жуық тұрғын емес үй-жай сатып алды. Ол үшін 250 миллион теңгелік несие алған. Қарыздың 188 миллион теңгесіне «Даму» қорының кепілдігі берілді. Бұл фитнес-орталықтың арқасында 8 жаңа жұмыс орны ашылды. Тұрғындар мұнда топпен немесе жеке пилатес, йога, зумбамен айналыса алады.

ГРИГОРИЙ ГАК, ЖШС БАСШЫСЫ

Ақсу қаласында, әрине, өзге фитнес орталықтары жұмыс істейді. Бірақ бізде душ кабиналары, бар – барлығы бір кешенде орналасқан. Қалада бұлардың барлығы шашыраңқы болса, біздің орталықта керектің бәрі бар. Жабдықтарға келер болсақ, оларды Алматы қаласынан алдық. Жабдықтар сапалы, өмір бойы кепілдігі бар. Барлығына ұнап жатыр. Ақсу қаласы үшін бұл – ноу-хау деуге де болады.

Соңғы уақытта Ақсу шаһарында жаңа ғимараттар көптеп салынуда. Осы тұста кезекті кәсіпорын бизнестегі өз орнын тапты. Құрылыс компаниясы құрама темірбетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарын, түрлі маркалы бетонды өндіреді. Мұндай өнімдерге сұраныс та жоғары. Ал өндірістік мүмкіндікті кеңейту үшін кәсіпорын 100 миллион теңге несие алды.

Қазір компанияда 15 жоғары білікті қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорын бәсекеге қабілетті өнім ұсына отырып, құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылады.

Жұлдыз Қабылденова