Ел аумағында 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикасы өтіп жатыр. Бұл шараның мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу және оны анықтау. Аталған уақыт ішінде облыс полицейлері бірқатар құқық бұзушылықтардың жолын кесті. Тексеру мен рейд нәтижесінде заңсыз айналымнан 73 келіден астам есірткі заты тәркіленді.

Есірткіге тәуелділік адамның жүйке жүйесін зақымдайды, физикалық және психикалық денсаулығын бұзады. Қоғамда есірткінің әсерінен қылмыс, суицид және әлеуметтік проблемалар көбейеді. Нашақорлық адамның берекесін қаштырады. Бұл – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дерті.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Операция барасында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 24 құқық бұзушылық тіркелді, 13 факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткінің көлеңкелі нарығынан 73 келі есірткі,оның ішінде 2 келі синтетикалық зат тәркіленді.

Операция барысында полиция қызметкерлері жабайы қарасораның өсіп, таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын ұйымдастырды. Заң бойынша мұндай өсімдіктерді жою міндетті. Алайда бұл талапты орындамаған төрт азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Павлодар облысында есірткі тарату жағдайы әлі де күрделі. Соңғы уақытта есірткінің жаңа синтетикалық түрлері көбейіп кетті. Қылмыстар саны артты. Мұндай улы заттарды, көбінесе, жеңіл жолмен табыс тапқысы келетін жастар таратады. Бұл жағдай өңірдегі нашақорлықпен күрес жұмысын одан әрі күшейтуді қажет етеді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды есірткіге қарсы күресте бейжай қалмауға үндейді. Есірткіге қатысты кез келген күмәнді жағдайлар мен фактілерді байқасаңыз, бірден хабар беру қажеттігін ескертеді. Себебі, қоғамның белсенді қатысуы — нашақорлықтың таралуына тосқауыл қоюдың маңызды тетігі.

Дильназ Куанышбекқызы