Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінің маңындағы Шандықсор жасанды көліне 4 шілде күні батып кеткен 2009 жылы туған жасөспірімнің денесі табылды. Ол тыйым салынған жерде шомылып жүрген.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағы жіберілді. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды. Құтқару шараларына 6 қызметкер, 2 арнайы техника, 2 жүзу құралы және эхолот тартылған. Мамандарға ауа райының қолайсыздығы – қатты жел мен толқындар кедергі келтірді. Бүгін тәңертең құтқарушылар жасөспірімнің денесін судан алып шықты. Төтеншеліктер ата-аналар мен балаларға суда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Жабдықталмаған жерлерде суға түсу өмірге қауіпті екенін еске салады.

Сабина Жолдаспаева