Павлодар ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады. Мұндай шешім бұл аймақта өрт қаупі жоғары және кейбір ауылдар өрт сөндіру бөлімдерінен алыс орналасқандықтан қабылданды. Толығырақ тілші баяндайды.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өңір елді мекендерінде еріктілер өртке қарсы жасақтар құрып жатыр. Биыл екі жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бірі Щербақты ауданы Хмельницкое ауылында, екіншісі Ақтоғай ауданы Жоламан ауылында бой көтерді. Бастама әлі де жалғасады. Келешекте Павлодар ауданында тағы бір бекет ашылады.
Қайрат Шаймарденов, ТЖД бастығының орынбасары
Қазір біз бұл мәселені Розовка, Ефремовка және Луганское ауылдарындағы кәсіпорындармен және жергілікті атқарушы органдармен бірге пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар қаржы бөлу мүмкіндігін де қарап жатырмыз. Жалпы, бұл аймақта өрт сөндіру бекетіне қажеттілік бар. Мұнда екі мыңға жуық адам тұрады.
Жаңа бекеттің жұмыс істеуі төтенше жағдайлар кезінде қауіп-қатерді азайтып, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінде облыста 77 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді.
Қайрат Шаймарденов, ТЖД бастығының орынбасары
Жоламан ауылында сүт фермасы жұмыс істейді. Сол жерде өрт сөндіру бекеті ашылды. Қазір ол жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айта кетейін, қазір біз бұл жобаны шаруа қожалықтарымен және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен бірге қарастырып жатырмыз. Олардың ғимараттары осы мақсатқа сай болуы керек. Талаптар қарапайым: жыл бойы өрт сөндіру көлігін жылы жерде ұстауға арналған бокс, төрт маманға арналған бөлме, байланыс және техника болуы қажет.
Биыл орман қорында 52 орман өрті тіркелді
Құтқарушылар өңірде өрт қаупі жоғары маусымның өту барысына да тоқталды. Мемлекеттік орман қорында биыл 52 орман өрті тіркелген. Жалпы көлемі — 80 гектардан асады. Сонымен қатар, облыс аумағында 2000 гектар алқапта 433 құрғақ шөп өртенген.
Қайрат Шаймарденов, ТЖД бастығының орынбасары
– Өрттің негізгі себебі – халық тарапынан өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақтамауынан болады. Мысалы, отты бақылаусыз жағу, егіннен кейін сабанды өртеу, сондай-ақ өрттің таралуына жол бермейтін жолақтардың болмауы себеп.
Сондай-ақ, техногендік өрттер саны күрт артты. Жарты жылдың ішінде 341 оқиға тіркелді. Былтыр осы кезеңде 106 жағдай болған. Өткен демалыс күні облыс орталығындағы сүт зауыты отқа оранды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.
Қайрат Шаймарденов, ТЖД бастығының орынбасары
«Молком» кәсіпорнына келсек, егер сараптама нәтижесі бойынша өртке сымдардың дұрыс орнатылмауы немесе пайдаланылу ережесінің бұзылуы себеп болса, онда кәсіпорын Әкімшілік кодекстің 410-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Техника қоры жеткілікті. Өңірде 33 бірлік жоғары өтімді және үлкен көлемдегі өрт сөндіру техникасы бар. Бұған қоса, қосалқы көліктерден тұратын резерв құрылым жасақталды.
Әйгерім Тоқпанқызы