Павлодарда азаматтарға арналған жаңа бірегей қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді халыққа қызмет көрсету орталығы, мемлекеттік мекемелер, отбасыны қолдау қызметі, еңбекке орналастыру орталығы, 109 және 112 қызметтері бір ғимаратта жұмыс істейді. Жаңа орталық Генерал Дюсенов көшесі, 80 мекенжайында орналасқан.
Мұнда азаматтарға мемлекеттік қызметтерді оңай әрі тез алуға мүмкіндік бар. Құжат рәсімдеу, кеңес алу немесе өтініш жазу – бәрі бір жерден қолжетімді. Сонымен қатар, заңгер, нотариус пен психолог мамандар да тегін кеңес береді. Жаңа ғимаратта облыс және қала әкімдері мен олардың орынбасарларына арналған жеке қабылдау бөлмелері ашылған. Облыстық басқарма басшылары да тұрғындарды осы жерде қабылдай алады. Полиция мен прокуратура қызметкерлері де азаматтарға кеңес береді.
Наталья Нефедова, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы
Бұл жерде барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер біріктірілді. Бұған дейін олар әртүрлі ғимараттарда орналасқан еді. Қазір тұрғындар бір ғимараттан бірнеше қызметті қатар ала алады. Бұл – өте тиімді әрі ыңғайлы шешім. Сондай-ақ, қабылдауға арналған үш кабинет ашылды.
Орталық әзірге техникалық режимде жұмыс істейді. Бірақ павлодарлықтар қазірдің өзінде қызметтер мен кеңестерді белсенді түрде алады. Жоба «Халыққа қызмет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды.
Наталья Нефедова, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы
Бұрын барлық мекемелер әр жерде орналасқан болатын. Кейбір ғимараттар мүгедек жандар үшін қолайлы емес еді. Жаңа орталық толық талаптарға сай. Мұнда жарық, кең әрі жайлы. Ана мен бала бөлмесі, балалар бұрышы да қарастырылған. Тұрғындар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінеді.
Одан бөлек, барлық қызметтер бір байланыс орталығына қосылған. Азаматтар 65-10-50 немесе 8 702 166 16 61 нөмірлері арқылы кеңес алады.
Сабина Жолдаспаева