Астана күні мен Ұлттық Домбыра күні мерекесіне орай Павлодар облысының Аналар кеңесі ерекше тағылымы бар кездесу ұйымдастырды. Олар облыстық перинаталдық орталығына барып, өмір есігін жаңа ашқан сәбилерге сыйға домбыра тарту етіп, аналық ақ тілектерін арнады.
Шара Шәмші Қалдаяқовтың жүрек тебірентер «Ана туралы жыр» әнімен басталып, домбыраның үнімен жалғасты. Бұдан кейін Аналар кеңесінің мүшелері медицина қызметкерлеріне аналық ақ баталарын беріп, ақ орамал тарту етті. қос қуанышты мерекеде алғаш болып дүние есігін ұл бала ашты. Бұл көпшіліктің қуанышын еселей түсті. Тағы бір ерекше жайт — бұл нәресте халқымыздың ұлы абызы, көрнекті ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпағы екен.
Павлодар қаласының тұрғыны, 26 жастағы Дариға Қайыргелдинова –жас ана. Бұл оның екінші перзенті, тұңғышы – қыз бала. Мерекеге тұспа-тұс келген осы сәт Дариға үшін ерекше қуаныш болды.
Дариға Қайыргелдинова, Павлодар қаласының тұрғыны
Бұл екінші балам. Тұңғышым қызым. Аналар кеңесіне көптен көп рақмет. Бұндай сыйлық аламын деп ойламаппын. Өте қатты таң қалып тұрмын. Ааналар кеңесіне тілейтінім зор денрсаулық. Мол бақыт, немере шөберелердің қызығын көре берсін. Бұған қоса бүгін домбыра күні.
Тағылымы мол шараға этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысып, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға өз үлестерін қосты. Аналар кеңесі келер жылы бұл бүлдіршіндерге тұсау кесу рәсімін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл рәсім дәстүрге айналады.
Бақытжамал Максилова, «Нұр ана әлемі» ҚБ төрағасы
Биыл біз қостық. Ендігі жылы осы балаларды тек қана құттықтап қана кететінбіз енді. Бұл балалардың аты-жөндерін алып, келесі жылы тұсау кесу салтанатын өткіземіз. Олардың мектеп, университет бітіруін. Дина апасының жолын берсін.
Қос мереке күні ақ жаулықты әжелер дүние есігін ашқан тоғыз нәрестеге қасиетті домбыраны сыйға тартты. Ал жаңа өмірге сәби әкелген аналарға ақ орамал табыс етіліп, ұлттық дәстүріміз бен аналарға деген құрмет айшықталды.
Әйгерім Тоқпанқызы