Облыс орталығында «Қазақ аналары-дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Үкілі тақия, киелі кимешек» атты сәндік көрсетілімі өтті. Онда көрермендерге қазақ қыз-келіншектерінің бас киімдері ұсынылды. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтайтын шараның куәгері болып қайтқан тілші әңгімесінен.
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының төрінде қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық бас киімдері дефиле түрінде көрсетілді. Жаңа туған нәрестеге кигізілетін сылау тақиядан бастап, әр жасында басына тартатын бас киім таныстырылды. Кимешек киген ақжаулықты әжелер де шара ажарын аша түсті. Құндылығымды дәріптеп, өскелең ұрпаққа жеткізу біздің ұлы мұратымыз дейді ұйымдастырушылар.
ЛЯЗЗАТ ЖҮНІСБЕКОВА, «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» ҚБ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ
Бүгін сіздердің тамашалайтындарыңыз әр ғасырдың, әр дәуірде қазақ аналарының киген бас киімдерінің үлгісін көресіздер. Бүгінгі өтетін шара үкілі тақия, киелі кимешегім деп аталады. Мында енді негізгі біздегі мақсаты ақ кимешектерді дәріптеу. Өзіңіз байқасаңыздар, қандай керемет көздің жауын алатын мына бас киімдердің үлгілерін көріп отырсыздар. Мынау өтіп жатқан 4 ші шарамыз. Әлі алда 1 жылдығымыз өтеді. Абысын ажын, республикалық екінші байқауымыз өтеді. Және әже мен немере конкурсы болады.
Сән-салтанатынымен безендіріліп, тастармен көмкерілген ұлттық киімдер көздің жауын алады. Бұл шараға ісмерлер де ат салысты. Олар жасаған бұйымдарын көрмеде ұсынып, әр ұлттық бұйымның тарихын таныстырды.
ГҮЛАЙЫМ АҚҚОЖАНОВА, «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ- ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» ҚБ МҮШЕСІ
Саханаға шығаратын ұлттық киімдерді мен сол кішкентай ит тақиядан бастаймын да. Сәби туылғаннан бастап бас киімсіз болмаған. Олардың ит тақиясы, сырма, тепеш, бәрі болған. Сырға тағар, қыздың сүндеті. Әшекейлеген, тақия кигізген. Соны бәрін көрсетеміз қыздарды шығарып. Олан кейін, бөріктерді. Қыз бойжеткен соң, бөріктерді көрсетеміз. Кейін ұзатылған қыздың бас киімі сәукеле, сәукеле киіп шығады.
Қай заманда болмасын, қазақ ұлттық киімдерін дәріптеген халық. Ақжаулығын тастамай, кимешегін киген. Кейінгі ұрпаққа мирас еткен. Күлжамиля Мұрзатаева, 77 жаста. Аталған шараға Атамекен кентінен келіп отыр. 65 жыл сандығында көздің қарашығындай сақтаған анасының жаулығын киіп келді.
КҮЛЖАМИЛЯ МҰРЗАТАЕВА, АТАМЕКЕН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
Бұл анамны мұрасы. 65 жыл жатқан абдармда. Соны киіп шығып, көрсетейін халқыма деп келдім. Балаларым бар Аллаға шүкір. Омбынікім. Руым Керей, сары Керей. 49 жыл мында мекендеп келемін. Халқыма ризамын. Өте қуаныштымын
Айта кетейік шараға Баянауыл, Тереңкөл аудандарынан және Ақсу, Павлодар қалаларынан қыз-келіншектері пен ақ жаулықты аналары қатысты.
Әйгерім Тоқпанқызы, Байтұрсын Жұмабай