Мүгедектігі бар жандарды қолдау және тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында сырттай-проактивті форматқа көшу қолға алынуда. Бұның қандай пайдасы бар? Тілшіміз баяндайды.
Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай-проактивті форматы бойынша қызметтер 9395 санын құрайды. Оның ішінде 63,2 пайызы жеке қабылданған болса, 36-ы сырттай-проактивті түрде жүзеге асырылды.
АЛТЫН СМАҒҰЛОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Департамент жұмысы бағыттарының бірі мүгедектікті белгілеу. Ал әлеуметтік кодекс шеңберінде 2025 жылдан басымдық танытып келе жатқан өзекті тақырып қызмет көрсетудің сырттай-белсенді форматына көшу. Мүгедектікті белгілеудің сырттай-белсенді форматы ол өтініш берушінің қатысуынсыз ақпараттық жүйелердегі негізгі деректерге қол жеткізуге сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді куәландыруға және кейіннен тағайындауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жойып қана қоймай, мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды үйден шықпай-ақ әлеуметтік қорғау шаралары жөніндегі қызметтерді еркін түрде алуға мүмкіндік береді. Осыған қоса қызметті алушы мен беруші тікелей байланыста болмауы керек. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды дейді үйлестірушілер.
АЛТЫН СМАҒҰЛОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Проактивті форматқа көшу арқылы біздің тұрғындар тұрғылықты жері бойынша емханаға келіп, тексерістен өте алады. Одан кейін қайта келудің қажетті жоқ. Барлық ақпарат пен нәтижелер онлайн форматта Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберілетін болады.
Өңірде медициналық әлеуметтік сараптаманы аумақтық бөлімдері жүргізеді. Куәландырудың нәтижесі бойынша биыл 1 тоқсанда 576 адам мүгедектік алған. Соның ішінде 460-ы ересектер болса, 116 –сы балалар.
АЛТЫН СМАҒҰЛОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Сырттай проактивті форматта тексерістен өту үшін, өтініш беруші қала тұрғыны болуы тиіс. Сондай-ақ электронды цифрлік кілті өзімен болса болғаны. Одан кейін 1414 нөмерінен хабарлама алу арқылы өз жеке тұлғасын растауы қажет.
Айта кетейік, облыс аумағында 2260 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде 41,8 пайызы яғни 945- қызмет сырттай проактивті формат арқылы жүзеге асырылды.
Салтанат Бауыржанқызы