Павлодарда алғаш рет әскердегі жағдайды талқылауға арналған республикалық форум өтті. Бұл шараға әскери сала қызметкерлерінен бөлек сарбаздардың аналары да қатысты. Форумның мақсат, міндеті қандай? Тілшіміз біліп келді.

Форумның мақсаты – жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, Отанын қорғауға баулу. Себебі, кейінгі кезде әскерге баруға қорқатын жастар көбейген. Бұған әскердегі әлімжеттік секілді түрлі жағдайлар себеп.

АЙНҰР ТАТЕРОВА – «САРБАЗ АНАЛАР КЕҢЕСІ» ҚБ ӨКІЛІ

Ата-ана болғаннан кейін уайымдайды жатқаннан кейін нақты көзі жетпегеннен кейін алыста болғаннан кейін біз әскери бөлімге барып, баланың жағдайын көзбен көріп, видео арқылы егер ауырып қалған жағдайда көмек көрсетіліп жатыр ма? Көрсетілмей жатыр ма екен деген шағымдар түседі. Өйткені алыста отырғаннан кейін. Дұрыс қарамай жатыр екен деген жағдайда медициналық пунктке қай уақытта тіркелді. Қандай дәрі дәрмек алып жатыр? Қазіргі таңда қандай тексерулерден өтті. Соның барлығын өз көзімізбен көріп, ата-аналарға жеткіземіз.

Сарбаздардың аналар кеңесі күш құрылымдарымен байланысты арттыруға мүдделі. Шара Қорғаныс істер министрлігі, әскери прокуратура, шекара қызметі, денсаулық сақтау және жоғары оқу орындары өкілдерінің басын қосты.

Жиында ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін әскери бөлімдердің ашықтығын көтерді. Өйткені, баласынан байланыс үзіліп қалған ата-ана уайымдамай тұра алмас. Сол себепті үнемі ана мен бала арасында байланыс орнатып отыруды сұрайды. Ал жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты әскерилерге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге тоқталды.

АЙГҮЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

 Әскер қатарына алынған сарбаздардың ҰБТ тапсырмай-ақ, оқуға түсуіне мүмкіндік бар. Ол үшін әскери пәндерді өте жақсыға оқып, мылтық ату, саптық дайындықты өте жақсы деген үлгерім көрсетсе, тәртібі жақсы болса грант иегері атануына болады. Егер сарбаздың несиесі болса, ол уақытқа тоқтатыла тұрады. Тек әскерден келген соң 60 күннен кейін ғана төлей бастайтын болады. Бұның барлығы сарбаздың Отан алдындағы борышын алаңсыз өтеуіне септігін тигізеді.

Форум соңында күштік құрылым өкілдері «Сарбаздардың аналар кеңесімен» өзара бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.