Естай атындағы мәдениет сарайында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Шара барысында үздік ұстаздар мен озық мекемелерге құрмет көрсетілді. Толығырақ алдағы материалда.

Павлодар облысы білім саласында бірқатар ірі жобаларды іске асыруда. Соңғы жылдары оған құйылатын қаржы көлемі де біршама артқан. Мектептер салынып, күрделі жөндеуден өтуде. Бәрі жас ұрпақтың алаңсыз білім алу жолында жасалып жатқан қам-қарекет. Биылғы тамыз кеңесі білім беру саласындағы сандық технологияның маңызы деген мазмұнда ұйымдастырылды.

 «Диджитал Қазақстан.Заманауи білім беру» тақырыбында өткен конференцияға білім беру мекемелері, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты. Білім саласындағы жетістіктер ғана айтылып қоймай, мәселелер де қаузалды.

Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл білім беру ісіндегі жеңістеріміз бен кемшіліктерді саралайтын алаң, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу. Мықтылар бірді, ғалым мыңды жеңеді. Осы ретте өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау мақсатында бірқатар жобалар таныстырылды.

Тәуелсіз еліміздің болашағы білімді жастардың қолында деген қағиданы жиі айтамыз. Әрине саналы білім, сапалы тәрбие тек ұлағатты ұстаздардың еңбегі. Демек, олар қандай марапатқа болсын лайық. Келелі кеңес барысында түрлі санаттағы педагогтар марапатқа ие болды.

Облыстық «Ең үздік орта білім беру ұйымы» конкурсының жеңімпазы – Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебі жеңіп алды. Ұжымға грант табысталды.

Конференция одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Облыстық тамыз кеңесінде ұстаздар қауымына жаңа мақсаттар мен міндеттер жүктелді.

Жанасыл Серікбол, Қымбат Садық