Биыл ақын, журналист, өлкентанушы, балалар жазушысы Мүбарак Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Ертіс ауданында ақын есімі ұлықталып, шығармашылығын насихаттаған облыстық ақындар айтысы өтті. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Жас шағынан ақын халықтық поэзиямен сусындап өседі. Бар ғұмырын балалар әлеміне арнап, ішкі толғанысын өлеңмен көркемдеп, бірталай шығармаларды дүниеге әкеледі. Мүбәрак Кәрімұлының алғашқы өлеңдері 1951 жылы «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналында жарық көре бастады. Ақынның еңбектері оқырман қауымы мен әдеби ортада жоғары бағаға ие болды. Өмірін балалар мен халқына арнаған ақынның 100 жылдық мерейтойы Ертіс ауданында жоғары деңгейде атап өтілді. Онда зиялы қауым өкілдері жиналып, балалар өнер мектебінде мемориалды тақта ашылды.Ал аймақ басшысы атынан құттықтау хат оқылып, ақынның отбасына құрмет көрсетілді.

СЕРІК БАТЫРҒҰЖИНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл кісі қазақи, ең қазақ деген сөздің нағыз майталманы деп айтуға болады. Өйткені, бұл кісі «руды білу міндет, руға бөлу індет» деген қағиданы өте қатты ұстайтын. Сондықтан, осындай жұмыстарын бәріміз білеміз. Ақырғы күніне дейін араластық. дәмдес болдық

Шарада 2019 жылы басылып шыққан «Өсиет» кітабы қайта жаңғыртылып, тұсаукесер салтанаты өтті. Онда ақынның кітап беттеріне шықпаған өлеңдері, өзі туралы естеліктер жазылған,

Жазушының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бастысы, ақынның ұстаздық еңбегінің арқасында елге танымал талай жазушылар мен журналистер тәрбиеленген.

ҒАЛИЯ БАЛТАБАЙ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ

Әдебиет үйірмесі қатысқан балалардың ішінен журналистикаға бейім бала барма екен деп біздің классқа арнайы келді ол кісі. Содан біздің өлеңдерімізді тыңдады, Қазақ елі» деген тақырыпта шығарма жаздырды. 45 минут отырып, біздің шығармамызды оқып, содан кейін Қапиатова Хамида деген қызбен менің шығармамды алып шығып, балалардың алдында мақтап, біздің беделдімізді көтеріп тастады. Осы балалардан журналист шығады деді. Ағаның сол жақсы сөзі. сенімі мені жігерлендірді, алдыма мақсат қойдым

Мүбарак Жаманбалинов 4 ұлдың әкесі. Марқұм үлкен ұлы Ғылымиден әке жолын қуып, журналистика саласында еңбек еткен екен. Бүгінде немерелері да атасына ұқсаған. Кенже ұлы Талап әкеміз үнемі алда жүретін жан еді деп еске алады.

ТАЛАП ЖАМАНБАЛИНОВ, МҮБАРАК ЖАМАНБАЛИНОВТЫҢ ҰЛЫ

Ол өзі осылай істеңдер, былай істеңдер деп айтпайтын , ол өзі көрсететін. Мысалы, жұмыс істесек бірге, шөп шапсақ бірге, Ертіске де бірге шомылып, әрқащагн бізбен бірге жүретін. Бұл үлкен құрмет, және поэзияға, ана тілімізге деген бір үлкен құрмет. Ақсақалымызға беріп жатқан жоғары баға деп санаймын.Сондықтан аудан мен облыс әкімдігіне, жалпы көпшілікке көптен-кпө рахметімді айтамын

Мүбарак Жаманбалиновтың баланың тілін жетілдіретін, қиялын ұштайтын, көңіл көкжиегін кеңейтетін шығармалар көп.Ақынның ғұмыр жолына, оның еңбектері мен кітаптарынан арнайы көрме ұйымдастырылды.

Ақынның ғасыр тойында «Әйгілі аудан, Ертісім» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Оған қара домбыраны серік еткен 10 сөз шебері қатысты. Барлығы жазушының шығармашылығын жырлады. Арқалы ақындардың барлығы марапатқа ие болды. Ал айтыстың бас жүлдесін Ертістің тумасы Алпысбай Хонж жеңіп алды.

АЛПЫСБАЙ ХОНЖ, АЙТЫСКЕР

Мен 6 жасымда алғаш рет Мүбаарк атамызды көрдім. Сол кезде таңдайы тақылдап тұрған кішкентай қара домалақ балаға «өркенің өссін» деп батасын берген еді. Сол 6 жасымда атам мені газетке шығарды, шамамен 1996 жылдар. Осы кезден бастап қалың көзілдірігі бар, басында қара ала оюлы тақиясы бар бойы сұңғақ, ойы сұңғыла атымыз менің есімде мәңгі сақталған

Бұдан бөлек спорттық шаралар легі де ұйымдастырылды.Оған облыстың әр өңірінен келген спортшылар қатысты. Жарыстар қазақша күрес, гір көтеру, қол күрес түрлерінен сынға түсті.

Мүбарак Жаманбалинов шежіре жинады, тарихты зерделеді, ұстаздық қызметті де атқарды.Сөз зергерінің ғасыр тойы оның жемісті еңбегі ел есінде екенін танытты.

Қымбат Садық