Қазақ халқы үшін келіннің орны қашан да бөлек. Келіндердің тірлігін көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеу мақсатында «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты облыстық байқау өтті. Толығырақ келесі сюжетте.
Келіннің отбасындағы рөлі, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ бойына сіңірудегі үлесі ерекше. Бойына осындай асыл қасиеттерді жинаған осындай жандар байқауда бақ сынасты. Сайысты Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы қолдауымен, «Қоғамдық келісім» мекемесі және «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Сайысқа аудан-қалалардағы әулеттердің түтінін түтетіп, шаруасын ширатып отырған келіндер қатысты. Олар әр салада табысты еңбек етумен қатар бір отбасының берекесін келтіріп, шаңырақтың ұйытқысы болып отыр.
ҰЛПАН ДҮЙСЕНБАЕВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Осындай облыстық сайысқа келгеніме өте қуаныштымын. Екі баланың анасымын.Ата-ене, қайныларым, абысындардың барылығымен сыйластықтамыз, жақсы қарым-қатынастамыз
Байқауда келіндер өнерлерін көрсетіп, көрерменді шеберліктерімен тамсантты. Олардың салт-дәстүр мен мақал-мәтелдерге қатысты білімі сарапқа салынды.
БИБІГҮЛ ИВАНОВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Бүгінгі ерекше бір ұсынарым бұл «ұлттық камбо» деп аталады. Яғни, ұлттық тағам дайындаған кезде бір емес, бірнеше тағам болады. Мысалы тіскебасар, тәтті тағам, ыстық тағам және сусын бар. Барлығы қазір көп дайындала бермейді, бұл ұлттық болмысты ашады деп алып келдім, жаңалығым осы
Қазылар алқасы қатысушылардың киім үлгісін, сахна мәдениетін сақтауын, қолөнер шеберліктерін бағалады. Қатысушылар әйелдің отбасы мен қоғамдағы орнын көрсете білді.
Осылайша, қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттауға бағытталған байқау жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған қатысушылар марапаттарға ие болды.
Қымбат Садық