Еліміздің экономикалық мүддесін емес, жеке басының қамын ойлайтын кәсіпкерлер де бар. Тіпті ақша үшін заңсыз тауар айналымына да жол береді. Сауда саласындағы мұндай заңсыз айналымды тоқтату үшін қандай шаралар атқарылуда? Алдағы сюжеттен көрейік.

Заң бәріне ортақ! Алайда мұны елеп-ескермегендер де қоғамнан табылып жатады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда «Контрафактілі тауарлар» термині сөздік қорымызға аса жайланып алғандай. Күнделікті дүкендер мен сауда орындарынан тұтынып жүрген тауар-өнімдерімізге де күн санап күдікпен қарап жүретініміз де ақиқат. Сала мамандары өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг көлеңкеде жатқан көптеген жайттардың басын ашқандай болды.

ЖОЛАМАН ҚИНАЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А

Жыл басынан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментімен 21 мыңнан аса алкоголь өнімі айналымнан алынып, қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар, Павлодар облысының бір тұрғынынан заңсыз арақ жасау цехын анықтадық. Ол жерден 316 литр суррогатты алкогольді өнім тәркіленді

21 мыңнан астам сертификатталмаған арақ бөтелкелері Ақсу қаласына тасымалданылған. Құқықбұзушыға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Ал өңірге ең қауіпті спирт Шымкенттен әкелінген екен.

ЕРІК ЕСЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ

Мұны анықтау мақсатында Шымкент қаласындағы әріптестермен бірлесе отырып, іс-қимыл жұмыстарын жүргіздік. Яғни, осындай акциздік өнімді дайындайтын цех құрылған. Өнімнің бір бөлігі облысқа жеткенде Ақсу қаласының маңынан күдіктіні ұстадық

Контрафактілі тауарларды анықтау мақсатында экономикалық тергеу департаменті сертификатталған "e-Sapa" деп аталатын алкоголь базасын құрды. Қолданбаны смартфонға жүктеп, брендті сканерлеу арқылы бөтелкені тексеруге болады.

ЕРІК ЕСЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ

Осы база контрафактілі алкоголь өнімін анықтауға мүмкіндік береді. Мұнда негізінен кез келген азамат шағымдануға құқылы. Кейін тиісті шаралар қабылданады

Аймақта жүйелі негізде 1000-нан астам темекі өнімдері айналымнан алынған. Бәрімізге белгілі, биыл 20 маусымнан бастап заңды түрде вейпке тыйым салынды. Мұндай тауарларды заңсыз сату анықталса 200 сағатты мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады.

ЖОЛАМАН ҚИНАЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ М.А

Бұларға қатысты біраз жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 3 темекі сату орыны анықталып, оларға қатысты материалдар толтырылды. Сонымен қатар 8 мыңнан аса вейп өнімдері алынып, қылмыстық іс қозғалып тәркіленді. 8300 вейп алынып, қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде

Акциздік өнімдердің заңсыз айналымын тоқтату жұмыстары одан әрі жалғаса бермек. Бұл мақсатта бірқатар іс-шаралар атқарылуда.

Қымбат Садық