Өңірдегі денсаулық сақтау саласында көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын Қазақстан Халық партиясының өкілдері талқылады. Шараға біздің түсірілім тоды қатысты. Толығырақ келесі сюжетте.

Қазақстан халық партиясының мүшелері павлодарлықтар арасында сауалнама жүргізді. Тақырыбы денсаулық сақтау саласына қатысты. Тұрғындардың басым бөлігі кадр тапшылығы, тегін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, емханалардағы кезек сұрақтарын қозғады. Денсаулық сақтау саласының өкілдері бұл мәселелердің орын алуына себеп бар деп ақталды.

ТОҒЖАН ҒАБДУЛҒАЗИЗОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Бүгінгі жастар қоғаммен, тұрғындармен жұмыс жасауға дайын емес. Себебі, кадр тапшылығы мәселесі бар. Медициналық жоғары оқу орындарының 1000 түлегінің 30 пайызы жұмыстан шығып кетеді. Кезек бойынша, үздік практиктердің орталығы енгізіліп жатыр. Бұл үшінші емханада, Баянауыл ауданында және Павлодар ауданының емханасында.

Павлодар облысында 306 мемлекеттік және 54 жеке медициналық ұйым бар. Кездесу барысында сонымен қатар, медициналық нысандардың құрылысы, кеңейтілуі, қайта жөндеуі жайлы сұрақтар қозғалды. №1 қалалық ауруханада құрылыс-жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

АРМАН ИСАКАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Қазіргі уақытта бірінші кезең толығымен аяқталды. Іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер 3,4 млрд теңге төлем күтіп отыр. Бұл қаражат республикадан түсуі қажет. Биыл бұл қаржы түссе, әлбетте жөндеу жұмыстары аяқталар еді. Енді төлем 2025 жылы жүргізіледі деп отыр. Сәйкесінше жұмыстар келесі жылы аяқталады.

Дөңгелек үстел қатысушылары, сондай ақ Міндетті әлеуметтік медициналық қоры жүйесіне берілген кейбір ақпарат туралы айтты. Яғни өңір тұрғындарына емханадан қызмет алды деген хабарлама келген, алайда олар емханаға тіпті бармаған.

ЖАНГЕЛДІ ШАЙЫМБЕТОВ, МӘМС КЕАҚ ПОФ ДИРЕКТОРЫ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осындай жағдайлармен күресіп отыр. Себебі осыған дейін цифрландыру болмады, біз медициналық ұйымның қалай қызмет алып жатқанын көрмейтін. Біз тұрғындарға біздің қорға жүгінуге шақырамыз, себебі осы үшін біз медициналық ұйымға айыппұл саламыз.

Дөңгелек үстел барысында бұдан да басқа сұрақтар қарастырылды. Олар жергілікті, орталық атқарушы органдарға жіберіледі.

Самал Қалиқызы