Теңге мен инфляциясының тұрақсыздығына қарамастан, дүрбелеңге еруге жөн жоқ. Ұлттық экономика министрі осылай деп мәлімдеді.
Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, экономикамыз тұрақты, мемлекеттік резерв бар. Сондықтан, елге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деді. Десе де, доллардың қымбаттауы баспана нарығына әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Себебі, құрылыс материалдарының дені шетелден келеді. Ал импортқа тәуелділіктен арылу үшін Үкімет отандық өнімдерді шығаруға қомақты қаржы қоюды жоспарлап отыр. Теңгенің әлсіреуіне 3 себеп бар деді. Біріншіден, доллар әлемдік нарықта қымбаттап жатыр. Одан кейін мұнай бағасының арзандауы мен ресей рублінің төмендеуі де көк қағаздың құнына біршама әсер еткен.
НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ
Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту Үкіметтің басты міндеті. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шара қабылданады. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті.
ҰЛТТЫҚ БАНК ДОЛЛАРДЫҢ БАҒАМЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ
Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін өткен айда 1 млрд доллар жұмсады. Десе де, бұл ұлттық валютаның құнсыздануына тосқауыл бола алмады. Қараша айында теңге 5 пайызға әлсіреді. Ақша айырбастау бекеттерінде бір АҚШ доллары 530 теңгеге дейін сатылып жатыр. Ұлттық банк көк қағаздың құны геосаяси жағдай мен әлемдік қаржы нарығына байланысты өзгеруі мүмкін дейді.