Үкімет мүшелері батыл шешім қабылдауы керек. Астанадағы жобалық кеңсенің қызметімен танысқан Мемлекет басшысы министрлерге бірқатар міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануға тиіс екенін айтып, нақты нәтижелерді талап етемін, – деді.
Президент сөзінше қазір еліміз ірі инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға, жасанды интеллект пен ядролық энергетикаға баса мән беріп жатыр. Себебі мұның бәрі – мемлекетіміздің негізгі стратегиялық даму бағыттары. Осы ретте Үкімет маңызды мәселелерді жұмыс барысында міндетті түрде ескеруге тиіс деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек.
EXPO қалашығында орналасқан Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты еліміздегі реформалар мен стратегиялық бастамалардың тиімділігін арттыру. Оның жұмысын Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды қадағалайды. Президентке фискалдық орнықтылықты арттыруға арналған платформалық шешімдер енгізу, Маңғыстау облысын өркендету, адами капиталды қалыптастыру және дамыту секілді стратегиялық маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысы да баяндалды.