Биыл елімізде 175 мың тұрғын үй салынады. Үкіметтің биылғы жоспары осындай. Ал баспана алу үшін кәмелет жасқа толған кез келген адам енді үй кезегіне тұра алады. Сонымен тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заң биыл қалай іске аспақ?
Баспана мәселесі қазақстандықтар үшін әлі күнге өзекті. Жыл сайын мыңдаған пәтер салынғанымен, үйге мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Бүгінде баспана кезегіне ресми тіркелген 600 мыңнан астам адам бар. Алайда, оны жүйелейтін арнайы орталық болған жоқ. Енді мамыр айынан бастап бұл міндетті Отбасы банкі жанынан құрылатын институт атқарады. Үйді бөлу кезінде олар баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескеруі тиіс.
ДАРИЯ БАТЕНОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
осы алты айдың ішінде әкімдіктер бізге кезектегі тізімді беретін болады. Мұнда банте орталықтандырылған тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі ашылады. Ол жүйеде онлайн ретінде кез келген азамат соңғы 5 жылда атында үй болмасын және Астана, Алматы қаласында тіркеуде болса онда осы өтінімді бере алады.
«НАУРЫЗ» ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ ӨЗГЕРДІ
Биылдан бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгерді. Бастапқы жарна 20 пайыздан 10 пайызға төмендетілді. Бұл жөндеуі бар дайын пәтерді алатындарға арналған жеңілдік. Ал депозитте болуы тиіс сома 1 млн теңгеден 2 миллион теңгеге ұлғайды. Ал мемлекеттен пәтерді жалға алып отырғандар енді үйді өз атына меншіктей алады. Ол үшін бастапқы 30 пайыз жарнаны төлеу керек. Одан соң 10 жылға дейін пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Бұл талаптар тағы жеңілдейді.
ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН ҮЙЛЕРДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ТАЛАПТАРЫ ТАҒЫ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
ҚАРАХАН ҚАБИ, ҚР ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ:
Министрлік тарапынан осы қолданыстағы жекешелендіру ережелеріне өзгеріс енгізіп жатырмыз. Оған сәйкес, бастапқы жарнаны 30 пайыздан 10 пайызға түсіп жатыр. Ал 15 млн-нан асатын үйлерді бөліп төлеу мерзімін 10 жылдан 15 жылға дейін көбейтіп жатырмыз. Мұның барлығы ай сайын азаматтарға төлейтін төлемнің аз, өздеріне ыңғайлы оңтайлы болуы үшін жасалып жатыр.
Бұдан бөлек, биыл Ислам ипотекасы іске қосылуы мүмкін. Қазір оның негізі шарттары талқыланып жатыр. Қыз-келіншектерге арналған «Ұмай» бағдарламасы да жалғасады. Президент тапсырмасымен Жұмысшы мамандықтарына арналған жаңа ипотека түрі де жуық арада іске қосылады деген жоспар бар.
Айя Мүтәлі