Облыстық телеарнаның 60 жылдығына орай арнаның негізін қалаған қызметкерлері туралы айтатын боламыз. Бүгін біз телеарнаның алғашқы қызметкерлерінің бірі – Валентин Пивоваров туралы баяндаймыз. Ол соғыс ардагері, тәжірибелі журналист, алғашқы жылдары телеарнада қоғамдық-саяси бағдарламалардың бас редакторы болды.
Валентин Пивоваров Отан соғысының ардагері. Ол «Отан соғысы» орденімен, «Кёнигсбергті алу», «Берлинді алу», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін журналистиканы таңдап, «Бийский рабочий», «Молодёжь Алтая» газеттерінде еңбек етті. Кейін «Казахстанская правда» газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі болды.
ЕЛЕНА ВАЙБЕРТ, ВАЛЕНТИН ПИВОВАРОВТЫҢ ҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ
1965 жылы Павлодарда телеарна ашылғанда, әкем тәжірибелі маман ретінде шақырылды. Ол қоғамдық-саяси бағдарламалар редакциясын басқарды. Журналистер өз ісін жан-тәнімен жақсы көрді. Ол кезде телеарна мен радио бір мекемеге қарады, оны «контора» деп атайтын. Сол кездері әкем маған «Бізде конторада осындай жаңалық болып жатыр» деп айтатын.
Валентин Пивоваров сол кездері «Павлодар 1971» деректі фильмін түсірді. «За честь родного города», «Человек и закон» бағдарламаларын әзірледі. Сонымен қатар, «Нам сверху видно всё» және «По городским ухабам» фельетондық айдарларын да жүргізген.
ЕЛЕНА ВАЙБЕРТ, ВАЛЕНТИН ПИВОВАРОВТЫҢ ҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ
Әкем тікелей эфирлерді сирек жүргізетін, себебі қатты алаңдайтын. Бірақ 1968 жылы 23 ақпанға арналған арнайы бағдарламаны жүргізген. Ол кезде ардагерлерді шақырып, маңызды оқиғаларды тікелей эфирде көрсететін. Сондай-ақ, жаңа жылдық бағдарламалар да тікелей эфирде түсірілетін.
Сол жылдары журналистер өз ісіне адал болды. Үйге келгеннен кейін де жұмысын жалғастыратын. Қызының айтуынша Валентин Пивоваров жаңа тақырып табуға шебер, ерекше жазу мәнері бар журналист еді.
ЕЛЕНА ВАЙБЕРТ, ВАЛЕНТИН ПИВОВАРОВТЫҢ ҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ
Әкем телеарнада жұмыс істегенін мақтанышпен есіме аламын. Олар облысты аралап, сюжеттер түсіретін. Журналистер қарапайым арнайы ГАЗик көлігімен жүретін. Кейде балаларымен де сапарға шығатын. Оның алдыңғы жағында «Телеарна» деген жазу болатын. Ол кезде телеарна қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілетін.
1970 жылдары Валентин Пивоваров газетке қайта оралды. Ол «Звезда Прииртышья» газетінде партиялық өмір бөлімін басқарды. «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталды. Ол жұмыс үстінде жүрек талмасынан көз жұмды. Оның сүйікті ісін қызы Елена Вайберт жалғастырды. Бүгінде ол – белгілі журналист әрі ақын.
Сабина Жолдаспаева