Павлодарлық студенттердің инватакси шақыруға арналған IT-жобасын бүкіл ел бойынша қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұны Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы тапсырды. Қосымша тек арнайы көлікке тапсырыс беру қызметімен шектелмейді. Студенттер толыққанды кешенді инклюзивті цифрлық экожүйе қалыптастыру жолында еңбек еткен.
Студенттер өз жобаларын Involve Eco System деп атапты. Бұл — мобильді құрылғылар мен компьютерлерде қолжетімді әмбебап цифрлық платформа. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға және олардың күнделікті өміріне ыңғайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған сервистердің кешенді экожүйесін ұсынады. Жетекші әзірлеушілердің бірі Станислав Кириченко ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мұқтаждықтарын жақсы білетіндігін айтады. Сондықтан платформаны әзірлеу барысында сервистердің өмірдегі нақты жағдайларда қолдануға ыңғайлылығы ерекше назар аударылған.
Станислав Кириченко, жоба әзірлеушісі
Бастапқыда бұл әр түрлі бағыттағы қосымшалардың жобасы ретінде басталды. Сосын бұның бәрін бір қосымшаның аясында біріктіруді қолға алдық. Мәселен, мүгедек адамдардың өзара хат-хабар алмасуын, өзге де қызметтерге жүгінуін қамтитын толық жүйе жасауға кірістік. Бұның бәрі әр түрлі қосымшада емес, бір ғана қосымшада болады.
Қосымшада мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған нысандардың картасы да топтастырылады. Қазіргі таңда бұл бөлім Қазақстанның бүкіл аумағын қамтиды. Әлеуметтік инфрақұрылымдар туралы ақпаратты тұрақты түрде жаңартып отырады. Павлодар облысында әлеуметтік және ірі коммерциялық нысандардың 100%-ы пандустармен және тактильді бағыттағыштармен жабдықталған. Соңғы екі жылда Павлодарда 300-ден астам қоғамдық кеңістікте ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіріп-шығуына мүмкіндік жасалған.
Данияр Мамытбек, Pavlodar hub аймақтық менеджері
Олардың жобасы сөзсіз бүгінгі күні өте маңызды. Мүгедек адамдар осы қосымшаның арқасында А нүктесінен Б гүктесіне дейін алаңсыз жете алады. Сонымен қатар, пандустар орнатылмаған нысандар болса, жолдар жабық болса, өзге де мәселелер болса осы қосымша арқылы үндерін жеткізе алады.
Студенттер тек осы бағытпен шектелмей, алдағы уақытта платформаның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отыр.
Станислав Кириченко, жоба әзірлеушісі
Қазір цифрлық ортаның барлығы мүгедектерге ыңғайлы деп айта алмаймыз. Біз осыны дұрыстағымыз келеді. Құлағы естімейтін, көзі көрмейтін өзге де шектеуге тап болған азаматтардың барлығына ортақ жоба ретінде жетілдірмекпіз.
Өңірде 30 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады, оның 4 мыңнан астамы — бала. Сондықтан инклюзивті цифрлық сервистерді дамыту халықты әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.