Қаладағы түзеу мекемелерінің бірінде құқықтық акция өтіп, жазасын өтеушілер өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Бастама «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында жүзеге асты.

«Құқықтық дәріхана» акциясы № 45 түзеу мекемесінде ұйымдастырылды. Шара бұл мекемеде жазасын өтеп жатқан тұлғаларға жан-жақты құқықтық көмек пен кеңес беруді мақсат етті.

Ербол Исқақов, Павлодар облысы прокурорының орынбасары

«Прокуратураның қадағалау қызметіндегі маңызды бағыттарыдың бірі – сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу жұмысы. Мемлекет басшысы пенитенциарлық жүйені ізгілендіруге тұрақты түрде көңіл бөліп, жазасын өтеп жатқан тұлғалардың құқықтарын сақтаудың маңызын атап өтеді. Олар бас бостандығы шектелгенімен, өмір сүру, денсаулық сақтау және ар-намысқа қол сұғылмау сияқты Конституциялық құқықтары сақталатынын атап өткім келеді. Бүгінгі шараға барлық тиісті уәкілетті мемлекеттік орган, құқық қорғау ұйымдары мен депутаттар корпусы қатысты.»

Түзеу мекемесі басшысы бұл акцияның алғаш рет ұйымдастырылып жатқанын атап өтіп, мұндай шараларды өткізудің маңызды екенін жеткізді. Себебі бастаманың жазасын өтеушілер үшін пайдасы зор.

Ардақ Иманғалиев, ҚР ІіМ ҚАЖК № 45 мекеме басшысы

«Қазір облыстық прокуратура, заңгерлер, мансап орталығы сияқты уәкілетті органдар қатысып отыр. Менің ойымша, мұндай акцияларды өткізу өте маңызды, өйткені ол сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мәселен, мансап орталығына жүгіну арқылы жұмысқа орналасу мәселесін де шеше алады. Сондықтан бұл бастаманың маңызы зор деп есептеймін.»

Мекемеде жазасын өтеушілер өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, тиісті жауаптарды алды.

Жазасын өтеуші

«Мұнда әр құқықтық орган келіп, бізге сұрақтарымызға жауап беріп отыр. Сұрақ қойып, соны қанағаттандырылғаннан кейін алып отырмыз. Біздің сұрағымыз рақымшылық жөнінде. Соны айтты маған. Бәріміз де үйге барғымыз келеді, осы жерде отырған, жабық мекеме болғаннан кейін. Мына 45-мекемеде көп іс-шаралар өткізіп жатады, осыған қатысып, осылай заңды қойған сұрақтарымызға жауап алып отырамыз»

Түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің құқықтық және әлеуметтік мәдениетін арттыру мақсатында мұндай акцияларды тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.

Жұлдыз Қабылденова