Автомектептерде оқу топтары жабылды. Енді жүргізу куәлігін алу қиындай түсетін сияқты. Ішкі істер министрілігі автомектепде бірқатар олқылықтарды анықтады. Тілшіміз айтсын.
Ішкі істер министрлігі аумақтық бөлімшелері автомектептердің қызметін тексерді. Қазіргі уақытта 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Тексеру барысында автодромдарда жол белгілері, жол таңбалары мен жарықтандырудың жеткіліксіз екені, сондай-ақ кейбір көлік құралдарының ақауы бар екені анықталды. Осы кемшіліктерді жою үшін 20 ұйғарым берілді.
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы
Жүргізушілерді даярлау үшін міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөлікті пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды. Нәтижесінде, қазіргі таңда ІІМ Әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.Автомектептердің есебін жүргізу және оқу топтарын тіркеу "Автомектеп" ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. "Автомектеп" АЖ көмегімен онлайн режимінде берілген куәліктің заңдылығын, сағаттық оқу бағдарламасын, оқу автокөлігін есепке алуды тексеруге болады.
Сонымен қатар оқу ұйымдарының қызметіне бақылауды одан әрі күшейту мақсатында автомектептерді ашудың хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуді, олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейтін "Жол жүрісі туралы" заңға өзгеріс енгізу жөнінде заң жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Самал Қалиқызы