Павлодар облысында вакциналауға жататын азаматтардың 53 пайызы түрлі себептерді алға тартып, екпеден бас тартуда. Бұл ретте медициналық мамандардың қоғам арасында вакцинаның керек екендігін түсіндіруі маңызды. Осы ретте олар үшін арнайы семинар ұйымдастырылды.

Діни көзқарас, әлеуметтік желідегі алып қашпа әңгімелер, түрлі өмірлік жағдайлар вакцина алуға қарсы тарап тудырып отыр. Осы ретте «Павлодар облысындағы иммунопрофилактикалық өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Шара Еуропалық иммундау апталығы аясында ұйымдастырылды.

Ақмарал Смағұлова, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы

Бүгінгі семинардың мақсаты – медициналық қызметкерлерге, тұрғындарға екпеге сеніп, вакцина алуға жол сілтеу. Вакцинаның негізгі міндетін қоғам арасында дұрыс түсіндіру, оның қандай 21 қауіпті инфекциялардың алдын алатынын жеткізу. Эпидкөрсеткіштерге байланысты жоспарлы екпелердің не үшін салынатынын түсіндіру.

Семинарға өңірдің медициналық қызметкерлері қатысты. Онда иммунопрофилактиканы ұйымдастырудың өзекті мәселелері, халықты вакциналаудың заманауи тәсілдері, профилактикалық екпелермен қамтуды арттыру шаралары мәселелері қарастырылды.

Айгүл Мұқышева, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

Жыл сайын біздің өңірде аса қауіпті инфекциялар, яғни қызылша, паратит, туберкулез, гепатит аурулары тіркеліп жатады. Сондықтан бізде жеткілікті көлемде осы ауруларға қарсы вакциналар бар. Ол мемлекетпен тегін беріледі. Бірінші кезекте балаларға салынады. Бірақ ата аналардың қарсылығы алаңдатады. Себебі, инфекциялардың келтіретін залалы ауыр. Энцефалит, пневмония болуы мүмкін.

Семинар қоғамдық денсаулықты нығайтуға және халықтың жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді тәсілі ретінде вакцинацияға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Самал Қалиқызы