Мемлекеттік қызметке жас әрі білікті мамандарды тарту жалғасады. Президенттік жастар кадр резерві қабілетті, білімді азаматтарға арналған жоба. Биыл бұл бағдарламаға қатысу үшін жаңа кезең басталады. Үміткердің жасы, еңбек өтілі, білім деңгейі нақты талаптармен белгіленген. Кезекті іріктеудің ерекшелігі неде? Келесі сюжеттен білейік.

Президенттік жастар кадр резерві – ел болашағын ілгерілететін жас көшбасшыларды даярлауға бағытталған маңызды жоба. Бұл бастама Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып келеді. Осыған дейін үш іріктеу кезеңі өтті. Оған 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытқан. Нәтижесінде 400 адам резервке алынды.

Асхат Ескендіров, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Яғни, 2019 жылда 300 адам, 2021 жылы 50 және 2023 жылы 50 адам қабылданды. Резервке алынған 400 адамның 318і мемлекеттік органдармен өзге ұйымдарда жұмыс істеуде. Яғни, жалпы санының 80% жұмысқа орналасты.

Төртінші іріктеудің басты ерекшелігі- әрбір салалық бағыт бойынша теңдей өкілдікті қамтамасыз ету. Яғни, салалар бойынша квотамен жүргізіледі. Ал кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Жоғары білімі болуы тиіс. Еңбек өтілі кем дегенде 5 жыл. Қазақ тілін меңгеруі қажет.

Асхат Ескендіров, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Ең негізгі ерекшелігі әр сала бойынша квота бөлінеді.

Айта кетейік, іріктеу маусым мен қазан айлары аралығында өтеді. Барлығы алты кезең қарастырылған. Құжаттар 1 маусымнан бастап бір ай бойы арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн тапсырылады.

Сабина Жолдаспаева