Көктем келісімен өзен-көлдерде мұз жұқарды. Алайда балықшылардың мұз үстінде жүру – қалыпты жағдай. Құтқарушылар ескерту жұмыстарын күшейтіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.
Бүгінгі күнде мұздың қалыңдығы әр жерде әртүрлі. 40-50 см аралығында. Бірақ күннің күрт жылынуына байланысты мұз жұқарды. Күндіз мұз еріп, түнде қайта қатқанымен, оның беріктігі әлсірейді. Сондықтан мамандар балықшыларға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
ЕРБОЛ ҒАЗИЗ, ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОФИЦЕРІ
Күннің күрт жылынуына байланысты мұздың қалыңдығы қауіпті болып есептеледі. Бүгінгі таңда Павлодар облысы ТЖД, полиция қызметкерлері және Қызыл ай волонтерлерімен бірлесіп рейдтік шара жүруде. Әкімшілік құқық бұзушылық бүгінгі күнде ондай шаралар қоолданған жоқпыз. Себебі мұздың үстінде жүруге болады. Дегенмен біздің мақсатымыз балықшыларға қауіпсіздк ережелерін жеткізу болды.
Балық аулау – көпшіліктің сүйікті ісі. Дегенмен көктемде жұқарған мұз қабаты қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Ұйымдастырылған рейд барысында мамандар балықшыларға қауіпсіздік құралдарын пайдалануды ұсынады.
ПАВЕЛ АРТАМОНОВ, БАЛЫҚШЫ
Қазір мұз үсті өте қауіпті. Сондықтан өзімізбен бірге арқан, құтқару жилеті, ысқырық ала жүреміз. Жалғыз шықпауға тырысамыз, ең болмағанда екі адам болу керек. Қайғылы жағдай орын алмас үшін, серігі көмектесе алады. Қазір кішігірім балықтар жақсы қармаққа ілінеді.
Құтқарушылар әсіресе су айдындарындағы тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.
Сабина Жолдаспаева