Өңірімізде санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары бойынша экологиялық айлық өткізу жоспары бекітілді. Биылғы шара 31 наурызда басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Толығырақ келесі сюжетте.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылатын шаралар жоспары бекітілді. Бастама барысында көше, аула, қоғамдық орындарды тазалау және инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал, 26 сәуір жалпы республикалық ағаш отырғызу күні болып жарияланды.
МАҚСАТ ОРАЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Экологиялық бағыттағы түрлі акциялар ұйымдастырылады. Оның ішінде ағаш отырғызу шаралары бар. Жоспар бойынша, мектеп оқушылары жасыл желек отырғызуға қатысады. Сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарында экосағаттар өтеді. Өзен-көл жағалаулары мен қаладағы саябақтарда сенбіліктер ұйымдастырылады. «Таза аула» және «Үлгілі ауыл» байқаулары өткізіліп, ең таза аула мен елді мекен анықталады.
Аталған экологиялық айлық аясында әлеуметтік желілер арқылы «Таза Қазақстан» платформасын тұрғындар арасында насихаттау қолға алынды. Әлеуметтік желі парақшаларында жиі қойылатын сұрақтар мен өтініш беру жолдары туралы ақпараттар жарияланды.
МАҚСАТ ОРАЛБЕКОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Бізге Telegram-бот арқылы 179 өтініш келіп түсті. Көп жағдайда жазғы маусымда тұрғындар қоқыс шығару, жол жөндеу, инженерлік желілерді қалпына келтіру мәселелері бойынша шағымданады. Кейде мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын толық аяқтамай кетеді. Мұндай жағдайда тұрғындар Telegram-ботқа хабарласса, бақылаушы орган мердігермен байланысып, абаттандыру жұмыстарын толығымен аяқтауға міндеттейді.
Экологиялық айлық 31 наурыздан басталады. Бұл шара 1 мамырға дейін жалғасады. Ал облыстық жалпы сенбілік 12 сәуірде өтеді.
Сабина Жолдаспаева