IQanat олимпиадасы – ауыл оқушылары үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жоба арқылы мыңдаған шәкірт әлемнің үздік университеттеріне оқуға түсіп, білім алуда. Бүгін облыс орталығында білім додасының екінші кезеңі өтті.

Қазір Айқанат олимпиадасының түлектері 17 елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бүгін өткен екінші кезеңде 300ге жуық оқушы бақ сынады.

ГҮЛНӘР АХМЕТОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ

Биылғы таңда біздің Екібастұз қаласының ауылдық мекендерінен 25 оқушы қатысып отыр. Енді оқушылармен сөйлесетін болсақ, оқушыларға өте ұнап жатыр. Өйткені сабақты өздеріне осы айқанат мектебінің оқушылары беріп жатыр. Негізі осы былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, Екібастұз қаласынан былтыр 14 оқушы қатысқан болса, биыл 25 оқушы қатысып отыр. Бұл енді үлкен қуанарлық жағдай деп отырмын. Енді балалардың негізгі мақсаты осы 2 турдан өтіп, 3 турға қадам басу.

Биыл олимпиада Peer-to-Peer бастамасымен ерекшеленді. Бұл жүйе оқушыларды бір-біріне тәлімгерлік ету арқылы білім алуға ынталандырады.

ЕРЖАН ӘУЕЗОВ, «IQANAT» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ДЕМЕУШІСІ

Биыл алғаш рет Peer-to-Peer бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама бойынша IQanat мектебінде оқып жүрген балалар жаңадан келген оқушыларға көмектесіп, оларды үйретеді. Яғни, балаларға тәлімгерлік етеді. Бұл өте жақсы идея деп ойлаймын. Себебі бұл бағдарлама арқылы балалар тек өзіне пайда іздемей, басқаларға көмектесуді, қолдау көрсетуді үйренеді.

Олимпиаданың екінші кезеңі бірнеше бағытты қамтыды. Қатысушылар логикалық ойлау, математика және оқу сауаттылығынан сынақ тапсырды. Және ағылшын тілі мен таңдаған пәні бойынша білімдерін дәлелдеді.

ІҢКӘР ЖОЛДЫБАЙ, ҚАТЫСУШЫ (МАЙ АУДАНЫ)

Біз басында айқанат олимпиадасына келгенде, яғни ауданда тапсырғанда барлығы орташа деңгейде өтті. Себебі сұрақтар қатты қиын да емес, оңай да болған жоқ, орташа деңгейде болды. Ал қазір облыстық деңгейде біз барлық күшімізді салу керекпіз деп ойлаймын. Және қазірге таңдаған пәнім тарих. Өйткені тарих ата-бабамыздан қалған мұра,біз оны білу қажетпіз. Менің ойымша тарих пәні физика,математика пәндеріне қарағанда оңай. Себебі физикада бүкіл күшіңді салып, есеп шығарасын, ал тарихта білгеніңді айтасын.

АРСЛАН ҚУАТӘЛІ, ҚАТЫСУШЫ

Таңдау пәнім математика. Себебі математика пәнін жақсы оқығандықтан, таңдадым. Білмейм 3 турға өтемін ба, жоқ па бір Алла біледі.

Олимпиадада топ жарған оқушылар үшінші республикалық кезеңге жолдама алады. Ал ақтық кезеңде жеңіске жеткен балалар Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін білім алып, ағылшын тілі, ІТ, soft skills және кәсіпкерлік негіздері бойынша білімдерін жетілдіреді.

Сабина Жолдаспаева